Волейболдан «Жетісу» командасы суперкубокты бесінші рет жеңіп алды

50

Өскемен қаласында волейболдан ұлттық лиганың әйелдер командалары арасында өтіп жатқан кіші тур аясында Қазақстанның суперкубок иегері анықталды.

Суперкубокты Қазақстанның тоғыз дүркін чемпионы «Жетісу» (Талдықорған) мен биылғы ел кубогының иегері «Тұран» (Түркістан) командасы сарапқа салды.

Талдықорғандықтарды соңғы жылдары сербиялық маман Марко Гршич жаттықтырса, түркістандық қыздарды Асқар Шалқыбеков баптап келеді.

Бұл жолы «Жетісу» 3:0 (25:22, 25:22, 25:17) есебімен жеңіске жетті.

Осылайша, талдықорғандық клуб бесінші рет суперкубок иегері атанды. Бұған дейін «Жетісу» 2015, 2018, 2019, 2024 жылдары суперкубокті ұтып алған еді.

Қазақстан чемпионатында да «Жетісу» көш бастаса, «Қуаныш» (СҚО) екінші, Өскеменнің «Берелі» үшінші сатыда тұр. Биылғы маусымда түркістандықтар да жүлделі орындардан дәмелі екендігін байқатты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Орталық Азия чемпиондар лигасында «Тұранның» ел намысын қорғайтынын жазған едік.