Тәжікстан билігі хиджабқа тыйым салды ма?

723

Тәжік билігі «елдегі радикализм элементтерімен күрес» деген негізбен діни сипаттағы киімдерге тыйым салуды бастады. Ресми Душанбе 2017 жылдан бастап түрлі діни ағымдарға қатысты қысымды және бақылауды күшейткен болатын. 2017 жылы әйелдерге АХАЖ бөлімдеріне хиджабпен келуге рұқсат етпейтін ережелерді енгізді.

Тәжікстан билігі мектептер мен балабақшаларда арнайы дресс-код енгізген болатын. Сонымен бірге бейресми түрде әйелдерге бетті бүркемелеуге тыйым салынып, ер азаматтарға қатысты да ережелер енгізілді. Ел президенті Эмомали Рахмон бірнеше мәрте «ер азаматтарға сақал-мұртын қырып, Құдайға жақындықты киім мен сыртқы көрініс арқылы емес, жүрекпен және жақсы әрекетпен жасауға» шақырды. Алайда бұл арнайы заңда көрсетілмеген еді.

 

Мамыр айының 8-інде Тәжікстанда қоғамдағы жүріс-тұрысты реттейтін заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заңға алғаш рет «ұлттық мәдениетке сай келмейтін киімдер» деген пункт қосылды. Осы пункт аясында діни киімдер мен атрибуттарға тексеріс күшейе бастады. Заңға президент әлі қол қоймаған, алайда заңдағы айтылған кей пунктер қазірдің өзінде қоғамда қызу талқы тудыруда.

 

Бұл заң жобасы президент Рахмонның екі апта бұрын жасаған баяндамасындағы сөздерімен үндес келеді. Рахмон екі апта бұрын Парламентте сөз сөйлеп, былай деген еді: «Киім кию арқылы өзге мәдениетке еліктеу, яғни сатр және хиджаб кию Тәжікстан үшін өзекті мәселе болып тұр. Мәдениетімізге діни стильдің кіруінен қашқақтауымыз керек», — деді.

 

Қазіргі таңда, заңдағы өзгерістерден кейін Тәжікстандағы ірі базарлар мен саябақтарда, ауруханалар мен мемлекеттік органдарда, оқу орындарында әйелдер мен қыздардың бетті толық жаппауын қадағалайтын арнайы адамдар пайда болған. Бұл туралы «Бомдод» сайты жазды. Ережені сақтамағандарға 3500 сомони көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.

 

Сарапшылар Тәжікстан билігі Ауғанстандағы жағдайға байланысты заңды өзгертіп, бақылауды күшейткенін айтуда. Ал Душанбе Ташкенттің тәжірибесіне сүйеніп, әрекет етуде деген пікір басым.

Mezgil.kz