Түркістан жастары елордаға 1 мың түп қызғалдақ сыйлады

2218
Бүгін астананың Нұр-Сұлтан атану құрметіне және Жастар жылына орай Түркістан облысының жастары елордаға 1 000  түп қызғалдақ гүлін сыйға тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қызғалдақтың отаны — Түркістан төрінде өскен әсем гүлдер елорданың «Ботаникалық бағына» отырғызылады. Қазақ даласының көркі — қызғалдақтарды түркістандық жастар «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл жалауы!» атты қызғалдақ фестивалінде тарту етті.
Мұндай ерекше сыйлық жасаудағы мақсат — тарихы тереңде жатқан қызғалдақтың мәнін көпшілікке жеткізу. Себебі, қазақ даласына көрік берген қызғалдақты ата-бабамыз жұмақ гүліне балаған. Сәуір айының соңында гүлдеп, 15 күн ғана «өмір сүретін» қызғалдақ қазақтар үшін Наурыздың символы болып саналады.
Түркістан жастары елордаға 1 мың түп қызғалдақ сыйлады
Жалпы, қазақ даласында қызғалдақ гүлінің 32 түрі кездеседі. Оның 12-сі эндемикалық, яғни, тек қазақ жерінде ғана өсетін түр болып саналады. Осыдан болар, Қазақстан «қызғалдақтың отаны» атанған. Ғалымдар дәлелдегендей, аталмыш гүл қазақ даласынан бүкіл жер жүзіне таралған.
Түркістан өңірінде көптеп кездесетін қызғалдақтың бейнесі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі кірпіштерде, Отырар даласындағы ортағасырлық қыштардан да көрініс береді. Әзірет Сұлтан кесенесіндегі әйгілі тайқазанда да қызғалдақ бейнеленген.
Түркістан жастары елордаға 1 мың түп қызғалдақ сыйлады
Айта кетейік, 2018 жылдан бастап табиғатымыздың көркем сыйларының бірі қызғалдақты дәріптеп, кейінгі ұрпаққа бар маңыздылығын жеткізу мақсатында «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл-жалауы!» атты қызғалдақтар фестивалін өткізу Түркістан өңірінде дәстүрге айналған.
Елорданы нәзіктік пен сұлулыққа толтыруға ниеттенген түркістандық жастар бірегей сыйдың астаналықтарға ұнайтынына сенімді.
Түркістан жастары елордаға 1 мың түп қызғалдақ сыйлады
Түркістан жастары елордаға 1 мың түп қызғалдақ сыйлады
Түркістан жастары елордаға 1 мың түп қызғалдақ сыйлады