Шымкент: Денсаулық сақтау саласында 24 қылмыс тіркелген

753

Бүгін Шымкентте Қоғамдық кеңес жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмыстарын бақылау жөніндегі тұрақты комиссияның кезекті отырысы өтті.

Күн тәртібінде денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды, деп жазады департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған «ardak.kz».

Жанысбек Өтегеннің төрағалығымен өткен комиссия жұмысына оның мүшелері, қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы Шалатай Мырзахметов, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен денсаулық сақтау мекемелерінің басшылығы, комплаенс-офицерлері қатысты.

Комиссия отырысында сөз алған Департамент өкілдері аталған саланы қаржыландыру артқанына қарамастан, сыбайлас жемқорлық көріністері тыйылмай тұрғандығына тоқталды. Тек соңғы үш жылдың ішінде осы салада 48 қылмыс, оның ішінде ағымдағы жылдың 5 айында  24 қылмыс тіркелген.

Сонымен қатар, Агентіктің 1424 Call-орталығына денсаулық сақтау қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне шағым жасалған қоңыраулар әлі де түсіп жатқандығын сөз етіліп, денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмысты күшейтуге шақырылды.

Жиын барысында денсаулық сақтау басқармасының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері мен 2022-2026 жылдарға арналған Тұжырымдама шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты одан әрі дамытудың жаңа тәсілдері түсіндірілді.

Іс-шара барысында Комиссия мүшелері денсаулық сақтау саласының маңыздылығына тоқталып, мамандықтарына адал болуға шақырды.

Қоғамдық кеңестің сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою үдерістеріндегі, сондай-ақ олардың №4 үлгілік базалық бағыттың іске асырылуын бақылаудағы маңызды рөлі атап өтілді.