Түркістанда жерін даулаған азаматтар сотталып жатыр

1432

Жерін даулаған мынау екі азаматты мемлекеттің атын жамылған ЖАЛҒАН ұйым екі жылға соттап жіберді.

Түркістан облысындағы жер дауының соңы қылмыстық істерге ұласты. Түркістан облысы, Қазығұрт аудандық соты мынау екі азаматты екі жылға соттап жіберді. Бұл азаматтардың аты жөні – Орымбаев Жорабай мен Исабаев Әбілқасым. Бұл азаматтардың сотталуының саяси астары бар. Адамдарын соттап жіберсе, қарапайым ауыл адамдары жерін даулауды тоқтатады. Себебі, сотталып кетеміз деп қорқады. Сот дәл осындай подачаны қоғамға лақтырды.

Өздерінің жер үлесін даулап шыққаны үшін бұл екі азамат екі жылға сотталып, үкім шықты. Үкімді Қазығұрт аудандық сотының судьясы Дүрия Амантайқызы шығарып отыр. Қазір істі Түркістан облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасына беріп, шапқылап жүргеніне 9 айға жуық уақыт өтті. Қалтасынан қағылып, жүйкелері де тозды. Жерін даулаған азаматтарды соттап жатқан, міне сендерге Жаңа Қазақстан?!
Бұл жағдайдың тарихы былай:

Қазығұрт ауданы әкімі болған Т.Алиев 16 сәуір 2010 жылғы № 153 қаулысымен Алтынтөбе ауылы округінің жер телімдерін халыққа аты да, заты да белгісіз «Оңтүстік» ӘКК АҚ-на елмен ақылдаспай әкімдіктегі қызметкерлермен бірге өткізіп жібереді. Мұны жергілікті атқарушы органдардың басшылары өз қолымен іске асырады. 2010 жылдан кейін 9 жылдың ішінде Алтынтөбе ауылы округінің 17000 гектарға жуық жер телімдері халық естімеген мынадай 4 мекеменің бірінен соң біріне өтеді. Олар:
1. «Оңтүстік» ӘКК АҚ-ы
2. «Шымкент күрделі құрылыс» ЖШС-сі
3. «Шымкент» ӘКК АҚ-ы
4. «Түркістан» ӘКК АҚ-на беріледі.
Содан арада жер өзара бөліске түседі. Жерді меншігіне алып алған мемлекеттің заңы қорғамайтын корпорацияны сылтау етіп, басшылар тұп-тура сол баяғы зұлматты 1931-1933 жылдардағыдай «Бөліп ал да, билей бер» сияқты тәуелсіз елде кеңестің саясатына ұқсайтын саясаттарын жүргізеді.

Жер корпорацияға өткеннен кейін 3 жылдан соң Т.Алиевтің орнына әкім болып келген Б.Қыстауов қаулы шығарып, 89 гектарлық ең құнарлы жер учаскесін «Оңтүстік-батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» деп аталатын халыққа аты да, заты да белгісіз тағы бір ұйымға беріп жібереді. Егер де СПК-ны жалған ұйым деп санасақ, оны мемлекеттің ешбір заңы қорғамайтынын ескерсек, Болатбек Қыстауов жерді халықтың келісімінсіз халыққа аты мен заты да белгісіз бір мекемеге беріп жіберген. Тұрғындар егіеді егіп бастағанда, айқай-шулар басталады. Ауылдың өз адамдарын бір біріне айдап салып, соңында Тулегенов Абдрасилдың жағы сынып, егістік басында бұзақылық орын алады. Халықты қорқыту мақсатында бұзақылық жасайтын адамдар тобын алып келеді. Бұл ұйымның мақсаты ғылыми зерттеумен айналысу емес, бандиттер мен бұзақыларды жалдап, азаматтарды қорқыту болып шығады. Қылмыстық істердің бәрі осы институттың адамдарының әрекетінен басталады.

Ауыл азаматтары жер учаскесіне мақсары дақылын еккен кезде ғана бұл жердің қожайындары табан астынан шыға келеді де, ауыл тұрғындарын сотқа береді. Қайдан келгені белгісіз біреулердің мүддесін қорғап кеткен Қазығұрт аудандық сотының судьясы Д.Амантайқызы ауылдың осы екі азаматын соттап, 2 жылдан аса мерзімге жаза кесіп, сандалтып отыр. 8 ай өтті, екі азамат апелляциялық сатыға құжаттарын өткізіп, аудан мен облыстың ортасында 9 айдан бері сандалып жүр. Жерге осы екі азамат қана егін еккен жоқ, ауылдың азаматтарының көпшілігі егін еккен. Бірақ бәрін соттай алмай, осы екі азаматты соттады. Азаматтық тәртіппен шешілетін дауларды қылмыстық іспен қараған Қазығұрт аудандық сотының судьясы Д.Амантайқызы СПК деген жалған құрылымнан жалған құжаттар жасап алған «Бандиттерді дайындайтын институттың» тарапына өтіп, осы екі азаматқа екі жылға үкім кесті. Міне, сендерге Жаңа Қазақстан!

Біз мұндай сот жүйесімен, мұндай кадрлармен ешқашан да дұрыс елдің негізін қалай алмаймыз. Қазіргі таңда жер дауына қатысты істердің қатты асқынып, ушығып жатқанына және азаматтардың жазықсыз сотталып жатқанына байланысты аудан әкімі Арман Абдуллаев жерді СПК-дан қайтарамыз да, қайтарамыз деп келіп отыр. Жалған ұйымнан жерді қайтару үшін міндетті түрде адамдардың дағы сынып, сотталуы керек болды. Осыған дейін бас қатырғандары да шамалы еді.

Бұл жерде логикалық сұрақ туындайды. Неге аудан әкімі жерді қайтарамыз деп қалды? Неге 30 жыл бойы қайтпаған халықтың жерін халыққа қайтаруға шешім қабылдап отыр? Арман Абдуллаевтан бұрынғы әкімдердің бәрі 30 жыл бойы бір рет те болсын халықтың жерін өзіне үлестіріп береміз деп айтқан емес. Себебі мынада:

-Азаматтық істермен шешілетін жер дауларды қылмыстық істермен қаралып, азаматтар сотталып жатыр. Сонда жерге тұрғындардың қолы жетуі үшін міндетті түрде азаматтар сотталуы керек пе? Міндетті түрде біреуінің жағы сынып, басы жарылуы керек пе? Ең негізгі мәселе – біз қазір азаматтармен бірігіп, заңды жолының бәрін анықтап, бағытымызды түзеп, ақ қарасын тексеріп отырмыз. Заң арқылы шешімін табуға, негізгі айқай шу мен даудың барлығы да жерден туындағанын біліп, белсенді жұмыс жүргізіп отырмыз. Бізбен бірге Республикаға белгілі жер саласының, қылмыстық істер мен еңбек дауларының білікті мамандары бірге жұмыс істеп жатыр. Азаматтардың сотталып, жерінен ажырап қалуына ең алдымен жерді халықтан тартып алып, корпорацияға өткізіп жіберген, нормативтік-құқықтық актілерге қол қойған аудандық әкімшіліктегі басшылар кінәлі. Барлық былықты істеп керкен солар. Халықтың берекесінің кетіп, бір біріне жау болып, бір біріне ала көз болуына да дәл осы басшылар кінәлі. Дәл осы басшылардың былығының бәрі ашылып кетпеуі үшін, жер дауын заң жүзінде қарауға мүдделі емес адамдардың бары айдан анық. Біздің соңғы әрекетіміз бен қолымыздағы құжаттар осының бәрі айқын екенін айғақтайды.

Жерді корпорацияға өткізіп жіберген адамдардың заң алдына жауап беруіне, жазасын алуына мүдделі емес құзырлы органдардың қызметкерлерінің бар екені де біздің күмәніміз жоқ. Қазығұрт аудандық соты қазір біздің үшінші талап арызымызды кері қайтарып отырғанының да үлкен саяси астары белгілі болып келеді. Сот арқылы, тергеу арқылы осы мәселенің бәрі шешімін тапса, әкімшіліктегі жерді өткізіп жіберген адамдардың көпшілігі міндетті түрде заң алдында жауапқа тартылады.

Бұл адамдар ұзақ жылдар бойы халықтың берекесін қашырған, өзінің халқын сыйламаған, халықтың мүддесі мен конституциялық құқына қарсы жұмыс істегендер. Жерді өткізіп жіберген қаулы мен оның қосымшасын тығып отырғанының да себептері белгілі болды. Сыбайластық жемқорлыққа шаш етектен батқандар нақ осылар. Міне, осылардың кезіндегі былықтары ашылып кетпеуі үшін, сотталған азаматтардың мәселелері үлкен дауға ұласып кетпеуі үшін, қазір аудан әкімі жерді СПК-дан алып береміз де, береміз деп келіп отыр. Жер даулары тек сот шешімімен ғана шешіледі. Біз бұл істі аяқсыз қалдырмаймыз. Бұл корпорацияның қызметі халықтың жерін тартып алып, беглісіз ұйымдарға өткізіп, халықты соттау болып тұр.
ҚР Жер кодексінде жер даулары тек қана сотпен ғана шешіледі деген. Бұл жайында 15 бапқа сілтеме келтірген. Оның бәрін біз дәлелдеп, зерттеп, анығын біліп отырмыз. Бірақ Қазығұрт аудандық соты біздің талап арызымызды қараусыз қалдырып, үш рет кері қайтарды.

Сорақысы сол, азаматтық даулармен қаралатын істерді Қазығұрт аудандық соты қылмыстық іспен қарап, жергілікті жердің қожайындары – ауыл тұрғындарына екі жылдан жаза кесті. Халық жерін сұрамасын, сұраса сотталады деген қорқыныш пен үрейді елдің санасына сіңіргенімен, бұл мәселе одан әрі ушыға береді. Осы даулы болған жер үшін күресте ауыл тұрғындары сотталмауы керек, кезінде жерді белгісіз, заңсыз ұйымға халықтың мүддесі мен құқын таптап өткізіп жіберген әкімдіктегі басшылар сотталуы керек.

Өркениетті елдердің бәрінде халықтың мүддесі мен құқына қарсы жұмыс істеген басшылар міндетті түрде түрмеге тоғытылады. Солай болғанда ғана әділеттілік орнайды. Әйтпесе, біз президентіміз айтқандай, Жаңа Қазақстанды ешқашан да құра алмаймыз. Жемқор, сыбайлас кадрлармен ешқашан да Жаңа Қазақстан құрылмайды.

Бекболат Қаржан