«ЕРКЕ АЙЫМ» БАЛАБАҚШАСЫ АШЫЛДЫ

1782
Қазығұрт ауылы округінің Кезеңбұлақ елдімекенінде жеке кәсіпкер Бақтияр Нарбаев О.Жандосов атындағы мектебінің бұрынғы ескі ғимаратын аукционда ұтып алып, оған 40 миллион теңге жұмсап, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сөйтіп, жаңа ғимаратқа айналдырып, 150 балаға арналған «Ерке айым» бөбекжай балабақшасын ашып, ел игілігіне пайдалануға берді.
Бөбекжай балабақшасының іске қосылғаны Кезеңбұлақ ауылының тұрғындарын ерекше қуанышқа бөледі. Ашылу салтанатында аудан әкімі Т.Телғараев, аудандық мәслихат хатшысы Ө.Көпеев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Омаров және ауыл биі Ж.Кәттабеков оларды осы қуанышымен құттықтады. Соғыс және еңбек ардагері, ауданымыздың төбе биі Иса Телікбай балабақшада бүлдіршіндер жақсы, дұрыс тәлім-тәрбие алғанын, олардың келешекте ата-анасы мен елдің үмітін ақтайтын азаматтар болып өсіп-өнгенін, осындай халық кәдесіне жарайтын игілікті істер көп болғанын тілеп бата берді. Аудан басшысы Т.Тұртайұлы: «Елбасымыз 2020-жылы 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі білім беру мекемесімен қамту деңгейін 100 пайызға жеткізу қажеттігін тапсырған еді. Ауданымызда «Балапан» бағдарламасы бойынша, мемлекет пен жекеменшік әріптестік аясында балабақшалар ашылып, өткен жылдың қорытындысында 9007 бүлдіршіннің 8420-сы, яғни 93,4 пайызы қамтылды. Ағымдағы жылы алғашқы ашылған балабақша осы «Ерке айым» болды және биыл тапсырманы 100 пайыз орындауға мүмкіндігіміз бар», – деді.
«Ерке айым» бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Айжанат Ақбердиева: «Бізде 2 ересек, 2 ортаңғы және 2 кіші, алты топ бар. Алты жатын бөлмесі, алты ойнау бөлмесі, 1 думан залы, барлық жағдай жасалған. Әдіскеріміз Гүлбахира Сәлібекова, 12 тәрбиеші, 6 көмекші-тәрбиеші, психолог, ағылшын тілі маманы, медбике, есепші, аспаздар мен қарауылдар, барлығы 30 адам жұмыспен қамтылған. Елбасымыз өткен жылы 5-қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі, табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында білім беру жүйесіне жаңа міндеттер жүктеді. Нақты бес тапсырма берді. Соның екіншісінде: «Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керек», – деді. Біз осы тапсырмаға, балаларға дұрыс тәлім-тәрбие беруге үлкен мән береміз», – деді.
Біздің қоғамымызда бөбекжай балабақшаның рөлі үлкен. Балаларды оқыту мен оларға тәрбие берудің негізі, іргетасы осы мекемеде қаланады. Біз жаңа «Ерке айым» бөбекжай балабақшасының ұжымына осы абыройлы істің үдесінен шығуына, биіктерден көріне берулеріне тілектестік білдірдік.
Құралбек ЖОЛДАСҰЛЫ,
Қазығұрт ауданы.