Түркістан облысында пара алды деген күдікпен басқарма басшысы ұсталды

1696
Түркістан облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасының басшысы парақорлық қылмысына қатысты күдікті деп танылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Түркістан облысы бойынша департаментінің арнайы жедел іздестіру шаралары барысында, облыс әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы және аталған басқарманың лицензиялау бөлімі басшысына қатысты парақорлық фактісі анықталды. Олар ЖШС директоры орынбасарының жәрдем беруімен «Б» деген азаматтан серіктестіктің зерттеушілік қызметпен айналысуына ұажетті мемлекеттік лицензия беру үшін 380 мың теңге сомасында жүйелі негізде пара алып отырған деп күдік келтіріліп отыр», — дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин Агенттікте өткен баспасөз мәслихатында. Оның хабарлауынша, осы жылдың 27 ақпанында басқарма басшысы және оның жәрдем беруші — ЖШС директоры орынбасары ұсталып, Түркістан мен Кентау қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау абақтысына тоғытылған.
Кінәсін толық мойындауына байланысты бөлім басшысына қатысты процессуалдық ұстау шарасы қолданылған жоқ. Тергеу жалғасуда.