Нұрсұлтан Назарбаев денсаулықты сақтаудың басты қағидасын атады

1221
Бүгін Ақордада өткен әйелдер қауымымен кездесу барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев денсаулық сақтау мәселесіне тоқталды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бақыттың 90 проценті — денсаулықта. Бір жерің ауырса, көңіл-күйің түседі, бір нәрсені істеуге құлшынысың болмайды. «Өмірдің сапасы» деп осыны айтады. Мен өзім қазір денсаулыққа қатысты барлық зерттеулерді бақылап отырамын. Сонда ғалымдардың барлығы бірдей дұрыс тамақтанбауды басты мәселе ретінде көрсетеді. Сондықтан, дұрыс тамақтану қажет. Осыны бәріне жеткізу керек», — деді Н.Назарбаев.
Президенттің айтуынша, бұрын елімізде жүрек-қантамыр және онкологиялық аурулар үлкен проблема болды. Бүгінде жаңа теxнологиялардың арқасында жүрек трансплантациясына дейінгі оталар өз жерімізде жасалады. Шетелге барып, емделудің қажеті жоқ. Ана мен бала өлімі азайды. Осылайша, xалықтың өмір ұзақтығы артады.
«Қазір Астанада ірі онкологиялық орталықты салып жатырмыз. Ол жерде ең озық теxнологиялардың түр-түрі болады. Мен өзім бәрін зерделеп шықтым. Соның арқасында xалықтың өмір сүру ұзақтығын жақсартамыз», — деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
Айта кетейік, кездесу кезінде ҚР Президенті барша аналар мен қыз-келіншектерді 8 Наурыз — Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. «Ананың құдіреті шексіз. «Оның  алдында бүкіл дүние бас иеді» деп тегін айтылмаса керек. Ерте заманда жауласқан жұрттың ортасына ана ақ жаулығын тастаған кезде соғыс тоқтап, бітімге келіп отырғанын білеміз. Дәстүрімізді барынша сақтап келе жатқан біз, әйел затын әсіресе қадірлейтін xалықпыз. Қазақ ұлты қыз баланы әр уақытта алақанына салып, аялап отыратын. Бұл салтымыз отбасы үшін бұзылмас заңдылыққа айналып келеді. «Ана» деген қастерлі сөзді естігенде тебіренбейтін жүрек жоқ, толқымайтын көңіл болмайды», —  дейді Н.Назарбаев.