Алматыда кірістер департаментінің тергеушісі пара алған

1208
Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің лауазымды қызметкерлерінің резонансты қылмыстық істер бойынша ірі мөлшерде қорқытып пара алу фактілерін анықтап, жолын кесті. Бұл туралы ведомствоға сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлады.
2018 жылы коммерциялық құрылымдардың бірінің басшысы ҚР азаматы «А»-дан 15 мың АҚШ доллары мөлшерінде пара алу кезінде ұсталған Алматы қалалық МКД қызметкерлері И. Нұрғасымов пен К. Қожабеков сотталды. 2018 жылдың соңында Алматы қалалық МКД тағы бір офицері өз әріптестеріне қатысты шығарылған үкімге қарамастан, жәбірленуші «А»-дан тағы да пара талап етті. Сонымен, Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің аса маңызды істер бойынша аға тергеушісі Б. Есембаев қылмыстық жауаптылыққа тартумен қорқытып, бірнеше мәрте кездесуде «А»-дан 13,5 мың АҚШ долларын қорқытып алмақ болған. Б. Есембаев заңсыз ақшалай сыйақы алу кезінде ұсталды және оның кінәсі тергеу барысында толықтай дәлелденді. Кінәсін мойындағанын және жасағанына өкінетінін ескере отырып, пара алушы Б.Есембаевты Алмалы ауданының соты 2 жыл 7 айға бас бостандығынан айырды.