АЖАЛДАН АРАШАЛАП ҚАЛДЫ

841
Сабырбек ОЛЖАБАЙ
Сол күні Жетісай өңірінде толассыз жауын жауды. Арық-атыздардағы, жыра-жыралардағы, каналдардағы су көтеріліп, арнасы асып-тасып жатты. Осындай кезеңде түрлі жағдайлардың болуы әбден мүмкін еді.
Жетісай аудандық полиция бөлімінің кезекшісіне жергілікті тұрғындардың бірінен 12 жастағы баланың суға ағып бара жатқаны туралы суыт хабар түскенде полиция капитаны Марат Нұрымбетов кезекшілігінен шығып, көлігіне отырып жатқан еді. Рация арқылы хабар алған ол ойланып жатпастан бала суға кетті деген жерге қарай асығыс аттанды. Оның жанында басқа да әріптестері бар еді. Машинаның дабыл қаққышын қосып алып, канал жағалап жүйткіген олар межелі жерге де келіп жетті. Каналдағы судың ағысы жойқын еді. Бала тұрмақ үлкендерді де ағызып кетеді. Осыны ойлаған Марат ілгері жүгіріп барып баланың ағып бара жатқан тұсынан сәл жоғарылау жерде сырт киімдерін сыпырып тастап суға қойды да кетті. Су тастай суық еді. Алайда мұны елегісі келмеген Марат құлаштап жүзе бастады. Бір кезде баланың жанына да жақындады. Оны көтеріп алып жағаға қарай шығуға тырысты. Осы кезде соңынан жеткен әріптестері судағыларды шығарып алды.
Бала әбден қорқып қалыпты. Оның үстіне су жұтып қойған. Олар алғашқы медициналық көмек көрсетіп, баланың кеудесінен басып, іштегі мол суды сыртқа шығаруға тырысып бақты. Баланың денесін жылыту үшін кеудесін, аяқ-қолын уқалады. Бала өз-өзіне келді-ау деген шамада машинасына салып, аудандық ауруханаға жеткізді. Ондағылар баланы дереу жансақтау бөліміне жатқызды.
Қазір бала есін жиды. Денсаулығы да қалпына келе бастады. Ал, баланың ата-анасы полиция қызметкерлеріне шексіз алғыс айтып отыр. Қызмет бабында ерлік жасаған Маратқа Жетісай аудандық ішкі істер басқармасының басшылығы алғыс жариялады.
Түркістан облысы.