Басты Қазақстан Депутат тамыр-танысын телефон арқылы қызметке тұрғызатындардың барын мойындады
Зауытты басып алу үшін оның директоры етіп өз адамыңды қойғаның жеткілікті деген сөз бар еді. Ұлттың қауіпсіздігіне үлкен қауіп төнуде.
Депутат Жұлдыз Омарбекова өзінің жақын туыстарын телефон арқылы жауапты қызметтерге орналастыратын лауазым иелерін жазалауды ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.
«Біздің елде идеология жоқ дегенмен мен келіспеймін. Бізде жемқорлық деген идеология бар. Жемқорлықтың түрі көп, бірақ ең қорқыныштысы – тамыр-танысын жұмысқа тұрғызу. Зауытты басып алу үшін оның директоры етіп өз адамыңды қойғаның жеткілікті деген сөз бар еді. Ұлттың қауіпсіздігіне үлкен қауіп төнуде. Біліксіз маман – ұлтқа қауіпті. Бір лауазымға біреуді жұмысқа алу үшін өзге біреулердің ақыл-кеңесі керек емес. Біреуді қызметке ұсыну немесе қызметке алуға мәжбүрлеу – бұл барып тұрған жемқорлық. Осындай норма енгізуге бола ма, қалай ойлайсыз?», — деп сұрады депутат.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов өз кезегінде әсіресе мемлекеттік органдарда, білім мен денсаулық сақтау саласында мұндай жағдай жиі кездесетінін мойындады.
«Мұндай деректер көптеп кездеседі. Қазіргі заң бойынша бұл мемлекеттік қызметтің атына кір келтіретін іс-әрекет деп танылады. Ондай адамдар қызметінен босатылады және жұмысқа қайта алынбайды. Меніңше, бұл жеткілікті мөлшердегі қатаң жаза», — деді Бектенов.
Егер тергеу шенеуніктің белгілі бір тұлғаны телефон арқылы жұмысқа орналастырғанын және ол үшін ақша алғанын дәлелдесе – ол мүлдем басқа бап, ҚР ҚК 366-шы бабы бойынша жауап береді.
«Меніңше, жұмысқа тұрғызу мәселесімен телефонмен қоңырау шалғаны үшін қызметінен босату жеткілікті. Өйткені ол мемлекеттік қызметтің атына кір келтірді», — деді Агенттік төрағасының орынбасары.