Қаржы мониторингі агенттігі қаладағы жылу желілері мен электр беру желілеріне жөндеу жүргізуге  бөлінген 1,1 миллиард теңгеден астам қаражат жымқырған шымкенттік лауазымды тұлғаға қатысты тергеуді аяқтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаменті өңірдің лауазымды тұлғаларына және «Қуатжылуорталық-3» МКК-ға қатысты сметалық құнын арттыру, сондай-ақ нақты орындалмаған жұмыстар үшін ақы төлеу арқылы қаладағы жылу желілері мен электр беру желілеріне жөндеу жүргізуге  бөлінген 1,1 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

Сонымен қатар күдіктілер лауазымды адамдар ұрлаған қаражатты жылыстату үшін «қолма-қол ақша жасаушылар» тобын тартқан. Олар 7% мөлшерінде ақшалай сыйақы үшін бөгде тұлғаларға ресімделген 24 күмәнді кәсіпорын арқылы тауарларды жеткізу және қызмет көрсету жөніндегі мәмілелер туралы жалған құжаттар (шот-фактуралар, жүкқұжаттар, орындалған жұмыс актілері, шарттар) ұсынған.

“Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған жылжымайтын мүліктер, атап айтқанда, Шымкент және Астана қалаларындағы 2 пәтер, 1 тұрақ орны, Шымкент қаласындағы 3 жеке үй және банк шоттарындағы тыйым салынған 50 миллион теңге анықталып, тәркілеу мақсатында сот санкциясымен тыйым салынды”, – делінген хабарламада.

Сот үкімімен барлық жеті айыпталушы 2 жылдан 7,5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Бұған дейін ТЖД Академиясының командирлері пара алғаны үшін сотталған еді.