Өңірлерде өнеркәсіп пен құрылыс артта қалып отыр: Мамин Үкімет мүшелеріне тапсырма берді

1453
ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында бірқатар тапсырма берді.
«Тау-кен өнеркәсібіндегі көрсеткіштер, машина жасау, химия өнеркәсібінде, сауда-саттық саласында барлық көрсеткіштер өсіп отыр. Жалпы, келесі салалар бойынша көрсеткіштер өсімі биылғы жылдың қаңтар айымен салыстырғанда оң серпінін көрсетуде. Құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, металлургия, сонымен қатар, негізгі капиталдағы инвестициялар 100,4 пайызға дейін артты. Бірақ, аталып отырған салаларда өсу қарқынын одан әрі арттыру керек. Осы мақсатта ауқымды жұмысты ұйымдастыру қажет. Ұлттық экономика министрі атап өткендей, бірқатар өңірде өнеркәсіп, құрылыс салаларындағы көрсеткіштер және негізгі капиталға инвестиция салу өкінішке орай артта қалып отыр», — деді Мамин.
Осыған байланысты Үкімет басшысы бірқатар тапсырма берді.
«Жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге бірлесіп, көрсеткіштердің бірінші тоқсандағы қорытындысы бойынша жоспарлы оң өсу деңгейіне шығу үшін қажетті нақты шараларды қабылдауды тапсырамын. Елбасы тапсырмасы бойынша, біз жалпы ішкі өнімнің кемінде 5 пайыз көлемінен төмен емес деңгейінде өсімді қамтамасыз етеміз. Осы мақсатқа жету үшін бәріміз бірлесіп, қарқынды жұмыс істеуіміз қажет. Әлихан Асқарұлы, Жеңіс Махмұдұлы (премьер-министр орынбасарлары – авт.), бұл мәселені жеке бақылауға алуларыңызды сұраймын», — деді Асқар Мамин.
Қымбат Елтайқыз