АСТАРЛЫ СӨЗДІҢ АЙТАРЫ КӨП

4514
Жас кезімде қызуқандылау болсам керек, біреумен сөзге келіп қалсам әкем «Неге сотқарсың, балам?» деп реніш білдіретін еді. Ондайда өзіме кір жуытпай, бар кінәні басқаға бұратын бірбеткейлігім тағы бар. Әкем бірде мені қасына шақырып алып:
  • Қашан көрсем біреумен керілдесіп, ұрсасың да жүресің, — деп кінәлай бастады. Ондайда сөзге дес беретін мен бе, дереу ақтала бастадым. Сонда әкем:
  • Сен сонда судан таза, сүттен ақ боласың да, жұрттың балдары жаман екен да, — деді. Оған да ойланбастан:
  • Иә, — деп жауап бердім. Әкем:
  • Ойланыңқырап жауап берсейші, — деп басын шайқап қойды. Сол кезде неге бас шайқағанын енді түсінгендеймін. Міне, бүгін шашымызға қырау түсіп, алпысты алқымдап отырмыз.
Әкемнің көзін көрген Шәймерден ақсақалдың үйіне жиі барып, өткен-кеткенді еске алып отыратынымыз бар. Бір тағы бір барғанымда . Екеуара ұзақ әңгіме болды. Арасында әкемнің маған жиі қоятын «Сен сүттен ақ, судан тазасың ба?» деген сауалы еске түсті. Ешкімге қиянаты жоқ Шәймерден аға да өзін сүттен ақ, судан тазамын деп есептейді ме екен деген ой сап ете қалды.
Аға, — дедім Шәкеңе сынай қарап, — сізге бір сауал қойсам бола ма?
Болады, шаман келгенше жауап беріп көрейін, — деді.
Біз білгелі намаз оқисыз. Біреуге тіл тигізгеніңізді де көрген емеспін. Айтыңызшы, сіз өзіңізді судан таза, сүттен ақпын деп есептейсіз бе? — дедім. Ол кісі ойланыңқырап отырды да:
Әй, Намазжан-ай. Күнәсіз пенде бола ма? Бәріміздің де кінәміз бар. Айыпсыз – бір Алла ғана! Жұмыр жер басып жүрген адам жаңылмай тұрмайды. Оны қалай сүттен ақ, судан таза дейміз? — деп жауап берді.
Ойланып қалдым. Әкем маған осы сауалды қойғанда ақталып бағатын едім. «Ойланыңқырап жауап берсейші» дегенін де енді түсінгендеймін. Ақ, адал болса аузынан Алласын тастамайтын, бес уақыт намазын қаза етпейтін Шәймерден ақ шығар деп ойлайтынмын. Ол кісінің жауабы жаңағыдай. Шынында да біреуді жамандаған жері жоқ. Балаларына да жақсы тәрбие берді. Екі баласы діни білім алып, имамдық етсе, тағы бір баласы әке жолын қуып көлік жүргізуші болды. Үш қызының екеуі жеке кәсіпкерлікпен айналысса, бір қызы – мұғалім. Балаларының қай-қайсысы да өз арбаларын өзі сүйреп, әр салада жемісті жұмыс істеп жүр. Өзі ғана емес, балалары да елдің алғысына бөленіп жүріп өзін сүттен ақ, судан тазамын дей алмаса, біреудің артынан ғайбат айтып, сыртынан жамандап жүретіндер не дер екен?
Намазбай ҚАНДӘУЛЕТОВ,
Шұбарсу ауылы.