ЖҰМАҚТАН ҚАШҚАН ПЕРІШТЕ

1994
Сабырбек ОЛЖАБАЙ
Көзі ілініп барады екен, көрші бөлмеден іңгәлаған сәби дауысы естіліп, ұйқысы шайдай ашылды. Әрі дөңбекшіді, бері дөңбекшіді, кірпіктері айқасар емес. Ұйқы шіркіннен маза кеткеннен соң төсегінен тұрып, әлденені ермек етіп көргісі келіп еді, жанында бөренедей болып сұлап жатқан күйеуінен қаймықты. Жұмысынан шаршап келгенін міндетсініп, мұның талай рет ауызын қаққан. Сөйлетпейді-ау, сөйлетпейді.
Міне, қаншама уақыт өтті, дене қызуы өрт болып лапылдап тұрғанымен, екеуара сағыныса қауышатын төсектері мұздай. Осы суық төсекпен бірге жүректері де суысып бара жатқандай.
-Не жазып едім, Құдайым-ай!
Келіншектің аһ ұрған күрсінісі бөлмені өртеп жібере жаздаған.
Оның жас денесі өрт болып күйіп-жанып жатыр еді. Ол осы сәт қуатты қол мен ыстық құшақты аңсады. Көрпенің өзіне тиесілі шетін шиыршықтап тастады. Шоқтай ыстық ойы оны ұзақ уақытқа босатпай, жанын жеп барады.
Түндей тұңғиық жанары жасқа толды. Өзекті өртеген өксікті сыртқа шығарғысы келмей, еріндерін қымқырып тістеп алды. Өне бойы шоқ болып ысыған соң көрпесін серпіп тастады. Терезеден төгілген ай сәулесімен жұп-жұмыр балтыры жарқ ете қалды. Кеудесіндегі қос алма көріктей бір көтеріліп, бір басылды.
Жанындағы жұбайы осынау жаратылыс жұбаныштарынан мақұрым, теріс қарап пырс-пырс ұйқы соғып жатыр. Расында, жұмысы ауыр ма әлде ләззатын сырттан тауып келеді ме, ол арасын өзі біледі, соңғы кездері Ләззатқа жарым екен-ау деп жақындауды сиретті. Теріс қарап тоң-теріс жататын Күмісбектің күйбең тірліктен, тіптен, мынау айдай әлемдегі барлық қызықшылық — шаттықтан ада түріне қарап қайран қалады. «Осындай да қамсыз адам болады екен-ау» деп іштей күйінді. Мына жатыс бәрінен де күдер үзген, үміті үзілген кісінің жатысы. «Не бітірдім деп жатыр екен?». Ләззат күйеуіне тұңғыш рет жек көре қарады. Көңілді бір ілкі сәтке болса да селк еткізер мерейлі мезгіл болмаған соң да шығар, Ләззат та ертеңіне енжар қарай бастады.
Арғы бөлмеден тағы да сәби дауысы естілді. Құртақандай сәби шешесінің аппақ төсіне тұмсығын тығып, мәмесін сылқ-сылқ емеді. Кенет Ләззаттың тұла бойы шымырлап кетті. Ол да аналық бақытты аңсады. Шіркін-ай, қойынында қыбырлаған бөбек болса ғой, ұйқым шала деместен түні бойы емізуге, жұбатуға бар. Бірақ қырсыққанда құрсаққа шарана бітпей-ақ қойды. Күмісбектің де күрсініске жиі кезек беріп, күрсінетіні сондықтан.
Шаңырақ көтергендеріне санап отырса жеті-сегіз жыл шиыршықтай зыр айналып өте шығыпты. Ләззатпен бірге келін боп түскен мына Жарқынай дөңгелетіп төрт-бес бала туып тастады. Мұрындарының асты жылт-жылт етіп біреуі аяғына оралып, екіншісі етегіне жармасып шешелерін әурелейді де жатады. Басында елемеуші еді, кейінгі кезде балалы келіншек көрсе
Ләззаттың тұла бойы бір ысып, бір суынып, өзінен-өзі күйгелектенетін болыпты.
Күндердің күнінде абысындарының бірі ақыл айтты.
-Осылай қу бастарыңды сүйретіп жүре беремісіңдер, одан да дәрігерге барып қаралмайсыңдар ма? Бәлкім, біреуіңде кінәрат бар шығар, — деген Гауһар жеңгесі.
Осы сөзден кейін Ләззат көп ойланды. Бір күні Күмісбекке еркелей қарап ойындағысын айтты.
-Бір-бірімізді кінәлай бергенше, дәрігерге барып көрінейік. Бәлкім, емделерміз. Менің сәби сүйгім келеді, — деген.
-Жарайды, — деп Күмісбек келісе кетті.
Бірақ, ертесіне жұмыстарының қауырт екенін айтып қызметіне кетті. Арғы күні де оның қолы босай қоймады. Сосын Ләззат таныс дэрігер келіншекке жеке өзі барды. Ол Ләззатты әрі тексерді, бері тексерді, мұнан соң «күйеуіңді ертіп кел» деген. «Неге?». «Негесін қайтесің? Сенде кінәрат жоқ. Бар кінә күйеуіңде ме деймін».
-Мен дәрігерге көрініп келдім, — деді Ләззат кешкісін күйеуіне.
-Е, не дейді олар?
-Жаным, сен де барып көрінші. Әзірге менен кінә жоқ сияқты.
-Немене, сонда мені белсіз деп отырсың ба? Бұл қай сандырағың? Белсіз болсам, түнде құшағыңдамын ғой, қашан еркектігімнен қалғанымды көрдің? — деп Күмісбек шатынап шыға келді.
-Енді дәрігерлердің айтқаны ғой…
-Олар не демейді? Жат, ұйықта.
Сол түні де ол булығып жылап шықты. Күмісбек келіншегін жұбатпаған.
Осы әңгіме қайталанған сайын екеуінің арасындағы сыйластықтың көзге көрінбейтін нәзік жібі бырт-бырт үзілгендей болды. Сол жібек жіпті жалғай-жалғай көкірекке бір түйін беріш болып қатты. Бұл қандай түйін? Оны әзірге Күмісбек те, Ләззат та терең таныған жоқ-ты.
Сол күннен бастап Ләззаттың қиялынан «бөпелі болсам-ау» деген бір ой кетпей-ақ қойды. Тамақ жасап жүріп те, үй сыпырып жүріп те соны ойлайды.
Күмісбектің ағасы Алтынбек пен жеңгесі Қарақат енші алыспаған, бірге тұрады. Қарақаттың үш ұл, екі қызы бар. Ләззат құлыншақтай асыр салған сол бес тентекті сұмдық жақсы көреді. Қолы қалт етсе ойнатып, беттерінен сүйеді, киімдерін ауыстырады. Қайнағасының құлдыраңдаған балаларына қарайласа жүріп «менің де осындай сәбилерім болса гой, шіркін» деп армандайды.
Мына өмірде сәби иісінен артық кандай жұпар бар екен? Ләззат қайнағасы мен жеңгесінің балаларын шеттерінен шөпілдетіп сүйіп шығудан жалықпайды-ау, жалықпайды. Осылай жасаса Жаратқан да иіп, бұған сәби сыйлайтындай сезінеді. Қалай екенін өзі де білмейді, соңғы сәттерінде тым балажан болып алды. Тіпті, көршілердің де қарасирақ балаларына қарап, елжіреп отырғаны.
Бірде оның осы елжіреуік жүрегін көрші келіншек байқап қалды.
-Ләззат-ау, «сатып алмай құл болмас, өзіңнен тумай ұл болмас» дегенді білмеуші ме едің? Мына жас денең әлі де уыздай аппақ, балтырың толық, денің сау, бойыңнан базарың тарқамай тұрғанда әрекеттеніп көрсең қайтеді? Әдірем қалғыр, біреудің баласы саған бала бола ма? — деген.
Осы сөз Ләззатты тұңғиық ойға тартты да кетті. Сол-ақ екен, күн мен түнді ажыратудан қалды. Жатса да, тұрса да көз алдында құлдыраңдап ойнап балалар жүгіріп жүреді. Аппақ армандарын арқалап келіп, ақ төсегіне құлайды. Мұндайда әлдеқайдан жыланша ирелеңдеген сезім толқындары тамыр-тамырын қуалап, өне бойын шымырлатады. Денедегі дерттің уын қайтару үшін Күмісбекті жұлқылайды-ай келіп. Бірақ ол оңайлықпен оянбайды. «Мына дозақылардан құтылар ма екем?» деп тістене түскен сайын қара жыландар нәзік денесін еркін игеріп, ақ төсіне шабады, ақ тамағынан иіскелейді. Осы арпалыста ол Күмісбекті қалай да оятуға тырысады. Бірақ, оның қара жыландардың барлығын қырып салуға дәті де, ықыласы да жоқ. Әлден соң әрі аунап түседі. Ләззат болса сол күйіп-жанған күйі қала береді.
Түн еді. Қап-қараңғы. Ләззат оянып кетті. Арғы бөлмеден әлдеқандай үн естілетіндей. Тағы да абысынының ұлы шығар. Жоқ, олай емес сияқты. Япыр-ай, мынау Қарақаттың үні ғой. Тән тоятының тұңғиық тереңіне батқандағы көңіл қошының белгісіндей еркелей ыңырсыған бір сиқырлы әуен. Ләззаттың ынтық сезімдері оянып сала берген. Сол бойы ол жуынатын бөлмеге қарай жүгіріп барғанын да сезген жоқ. Суық су оған көмектесе қоймады.
Бірде ол қайнағасы Алтынбекпен әлдеқандай себеппен соқтығысып қалды. «Түнде Қарақатпен…» деп ойлағанда денесі дір етті. Арсыз көңіл арқандауға көнбеді. Қымсынып тұрып қайынағасына құштарлықпен қарады. Бәленің басталган жері осы.
«Қайынаға айтпайды, келін қайтпайды» деген сорақылық басталды да кетті. Енді Ләззат үйдегілердің барлығы қашан жұмысқа кетеді деп алаңдап отыратын әдет тапты.
Бір ғана ойдың жетегінде жүрген ол өзін судан таза, сүттен ақ сезінді. «Бар жазығым отбасымды сақтап қалуға тырысқаным ба? Күмісбекке де, өзіме де бақыт сыйлаймын. Содан соң Алтынбек бөтен емес қой. Өз ағасы, өз тұқымы. Онда тұрған не бар?». Осы оймен ол өзін-өзі жұбататын. Өз дәлелі қисынды көрінгені соншалық, енді тіпті қайынағасынан қысылмайтын болды. Жас келіннің өзіне деген соқыр сезімі Алтынбектің де есін алғандай.
Ләззат беймезгіл құса бергісі келгенде барып өзінің көтеріп қойғанын сезді.
Қорыққан жоқ, қуанды. «Екеуі ағайынды. Бала бөтеннен емес. Өзіне тартып туған ұлдан Күмісбек те күдіктенбейді» деп өзін-өзі жұбатты. Баянсыз бақыт басын айналдырғандай еді.
Ләззаттың іші біліне бастағанда Күмісбек күрт өзгерді. Енді ол баяғысындай енжарлықтан айырылды. Ұйқыбастылықты да қойып, келіншегін түні бойы аймалап, сүйіп шығатын болды. Келіншегі шекесі торсықтай ұлды дүниеге әкелгенде тіпті есі қалмады.
-Мені кінәлай беруші едің, — деді бірде ол келіншегіне.
-Енді өзің ғой, бара салсаң қайтушы еді?
-Бармасақ та болды ғой, әйтеуір.
-Иә, болды, — деді Ләззат тұншығып.
Олар бақытты еді. Құлдыраңдаған сәби күлкісі үйге қуаныш үстіне қуаныш әкелген. Күмісбектің де келіншегіне деген өкпесі ұмытылып келе жатты. Тек мына бір кездейсоқ соққы көлденең кездеспегенде.
Бірде кешкі апақ-сапақта Қарақат қайынаға мен келіннің «махаббат ойыны» үстінен түсіп қалды. Ол көптен бері күйеуі мен келінінің бір-біріне тесіле қарайтынынан секем алып жүруші еді. Құдай тас төбелерінен қос қолдап ұрыпты. Ол Ләззаттың шашынан жұлып, әрі де, бері де сүйреді. «Күмісбектен ажырап кетемін бе деп амалсыз осы тірлікке барып едім» деп ақталғансыды. «Ал, туарыңды туып алдың ғой, енді неге тоқтатпайсыңдар?». Ләззаттың ауызына құм құйылды.
Ләззат енді кімді кінәламақ? Тайқы маңдай тағдырын ба? Ол осы тағдырын өзі тілеп алды емес пе? Ендеше, өз ырқымен барған азабынан неге қашады? Оған ақылы жетер емес. Ол өзін ғана емес, қайынағасын да екі оттың ортасына тастап кеткенін айналасындағы айқай асқынып бара жатқан соң барып сезінді. Өзін жанындай жақсы көретін жеңгесі әрі абысыны Қарақат та бұдан теріс айналды. Енді кімге барып мұңын шағады? Оның жаралы жанын кім түсінеді?
Ағайын екіге жарылды. Ләззатты жақтаушылар табыла қоймады. «Қара есекке теріс мінгізіп, ауылды аралату керек» деді екіленген бір ағайыны. «Ел бетіне қарағысыз етіп кетті, мұндай келсапты керіп қойып, тасаттық жасап өлтірген жөн» деді екіншісі. «Ислам дінінде неке өмір бақи жалғасу ниетімен қиылады. Ислам діні некені орынсыз бұзуды дұрыс санамайды. Пайғамбарымыздың хадистерінде: «Алла Тағалаға адамның ең сүйкімсізі — талақ. Себепсіз ерінен ажыраспақ болған әйелге жаннат есігі харам» деген. Ал туған қайынағасымен байланысқан әйелге Алла лағнет айтады» деген ауыл имамының сөзі талайлардың денесін түршіктірді. Имам сөзін қайта сабақтады. Ол некесізден туылған баланың да харам болатынын айтқанда көпшілік шошынды. «Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Ешкімі жоқ жетім балаларды өз асырауына алған адам менімен жұмақта көрші болады» деген. Мынадай масқаралыққа барғанша неге бала асырап алмадыңдар?» деп жер тоқпақтатады келіннің шешесі. «Бала асырап алған келіншектер көп кешікпей құрсақ көтереді. Сосын бірінші баланы «майкөт» деп ерекше жақсы көреді. Ал қазақшылықта бедеулікті емдейтін түрлі тәсіл бар. Тепсе темір үзетін жігіт дәрігерге қаралса, ағасынан туған нәуетек ұлға малданбас еді ғой. Балалы болудан күдер үзгендер күйеулеріне екінші әйел әперіп жатады. Шариғатта мұсылман еркекке төрт әйел алуға рұқсат бар. Күнәһар болғанша неге бала асырап алмадың?».
Жан-жақтан жаңбырша жауған мірдің оғындай өктем сауалдар Ләззаттың денесіне инедей қадалып жатты.
Ақілгек әже ортаға шықты.
-Қарағым, «бірдің кесірі мыңға тиеді», «бір түйенің құмалағына қырық кісі тайып жығылады» дегенді білмеуші ме едің? Білмесең, біліп ал. Өзіңді,
күйеуіңді, қайынағаңды, абысыныңды ғана емес, тұтас елді қара бет еттің. Бір отбасының шаңырағын ортасына түсірдің. Бұдан асқан қасірет болар ма? Қазақ: «Құтырғаннан құтыл» деп жатады. Сондықтан сенен құтылғанша асығып отырмыз. Бір отбасының шаңырағын ортасына түсірдің. Басқаларға да кесірің тимей тұрғанда ертерек қараңды батыр, — деді ол зілденіп.
Көпшіліктің де тоқтамы осы еді. Күмісбек осы оқиғадан соң Ләззатқа талақ айтып, ауылдан кетті. Алтынбектің аярлығына төзбеген Қарақат та төркініне кетіп тынды. Айрандай ұйып отырған отбасы жетімдік, жесірлік, жалғыздық тауқыметінен тобығы тайған тайлақтай шойнаңдап қалды.
…Ләззаттың ауылды төңіректеп жүргеніне бірнеше күн. Бар ой-мақсаты тұңғышы Арманды бір көру ғана. Алайда, адуынды ене күнәһар келінге немересін тіріде көрсетер ме. Ләззатты бүгінде таныстары да түнетуден қорқады. Кесірлі келіннің күйесі жұғып кетердей үркектейді.
Ол ымырт түсе уақытша паналап жүрген үйден шықты. Өзінің бақытты өмірі өткен үйге жетіп, аулаға үздіге қарады. Әне, енесі немерелерін ойнатып отыр. Япыр-ау, мынау Арман ғой. Ләззат бар дауысымен «Арман!» деп айқайлап жібере жаздап, өзін зорға тежеп қалды. Кұлындай шапқылап жүрген көзінің қарашығын көргенде жүрегі атша тулады. Шарбаққа сүйенген күйі жылай берді, жылай берді. Науетек ұлына қарай-қарай көзі талды.
Таныс аула. Таныс шарбақ. Таныс үй. Күні кеше ғана бақыттың базарындағы үйде үрей үйірсектепті. Балалар улап-шулап асыр салып ойнап жүрсе де көңілсіздік көлбеңдейді. Балақайлардың көздерінде тұңғиық терең мұң ұялаған. Ойнағансиды, алданғансиды, бірақ, ойынға алаңсыз кірісіп кетпейді. Жүректегі шер олардың да аяқтарын тұсаған, періште көңілге кіреуке салған.
Ләззат өзін жұмақтан қашқан періштедей сезінді. Жұмақ бағында жүріп Ібілістің соңынан ілесіпті. Ол ұлына тесіле қарады. «Сен кінәлі емессің, құлыным!».
Жүрегі жұлқынып, кеудесінен шығып кетердей аласұрды. Көріп тұрып аймалай алмау, қасында тұрып құша алмау қасірет екен.
— Қош бол, күнім! — деп кері шегінген келіншек әлденеге сүрініп, құлап түсті.
Күн қарақошқылданып батып барады екен. Жиектерінен қан сорғалағандай. Мұндайды бұрын-соңды көрмеген келіншек қалтырап, бүкіл денесі жансызданып бара жатқандай дел-сал күйге түсіп, тізерлеп отыра кетті.
Жасты жанарымен көкжиекке тесіле қарады. Қан көрді. Қорқынышты. Қап-қара…