Басты Шымкент Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентті көріктендіру жобаларымен танысты
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Мемлекет басшысы алдымен қаланың әкімшілік-іскерлік орталығында болып, мегаполисті көріктендіру жобаларымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына Shymkent City қалашығы мен әуежайдың жаңадан салынатын терминалының, сондай-ақ, цитадель Қошқар ата өзенінің бойы және «Тұран» шағынауданының жобалары ұсынылды.
Айта кетейік, әкімшілік-іскерлік орталықта көпқабатты 47 үй бой көтереді (2990 пәтер). Оның ішінде 33 үй бюджет есебінен салынса, қалғандары инвестиция есебінен тұрғызылады.
Ал, қала іргесіндегі жалпы алаңы 1190 га құрайтын «Тұран» шағынауданында көпқабатты тұрғын үйлердің, әлеуметтік және коммерциялық нысандардың құрылысы қарастырылған. Жеке үйлердің құрылысы үшін 3046 учаске бөлінеді. Төрт мыңға жуық адам тұратын ауданда жалпы ұзындығы 33,7 шақырым болатын 13 магистральды автожол салынады. Екінші кезеңде жалпы ұзындығы 16,7 шақырым болатын, жаяу жүргіншілер және веложолдары бар 5 көшенің құрылысы жоспарлануда. Жобаны жүзеге асыру үшін «Өңірлерді дамыту — 2020» бағдарламасы бойынша ҚР Ұлттық экономика министрлігіне 5,4 млрд теңге көлемінде қаржы бөлу туралы бюджеттік сұраныс жіберілді. Үшінші кезеңде жалпы ұзындығы 9,1 шақырым болатын қалған 5 көшенің құрылысы жүргізіледі.
Бұған қоса, жалпы құны 10,4 млрд теңгеге сумен жабдықтау, су өткізу, электрмен және газбен қамту желілерін тарту қажет.
Өз кезегінде шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов Шымкент дамуының және құрылыс жүргізудің 2023 жылға дейінгі кешенді жоспары, ағымдағы жағдайы мен даму келешегі туралы баяндады. Қалада бірқатар әлеуметтік маңызы бар және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы жоспарланғанын жеткізді. Олардың қатарында, әуежайдың жаңа терминалының құрылысы, темір жол вокзалының, айналма жолдың реконструкциясы, қоғамдық көлікті жаңарту, электронды билет беруді енгізу шаралары бар.