Түркістандағы базарлар қала сыртына көшіріледі

1102
Түркістандағы барлық базарлар қала сыртына көшіріледі. Қала орталығындағы жабайы сауда орындары да жойылады. Шаһар басшылығы осындай шешім қабылдап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Келешекте Түркістан қаласының орталығында жабайы сауда орындары мүлде болмайды. Тіпті шаһардағы барлық базарлар қала сыртына көшіріледі. Ол үшін облыс орталығының шетінен заманауи сауда орны салынады. Сөйтіп, қазір көше бойында сауда жасап жүрген азаматтар сол жерлерге жайғасады.
Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаевтың сөзінше, қала шетінен сауда орталығын салу үшін бүгінде шаһар билігі арнайы жер телімін бөлген. Яғни, Қызылорда тас жолының бойынан алып сауда кешені бой тіктемек. Ал, оған дейін жабайы саудамен айналысып жүрген 500-ге тарта сатушы арнайы орындарға жайғастырылады. Ол үшін қазір қала әкімдігі тарапынан арнайы жұмыс тобы құрылып, түсіндірме жұмыстарын жүргізе бастаған.
«Қаланы тәртіпке келтіру мақсатында базарларды  қала сыртына көшіреміз. Алтын бұлақ, Дархан, Жұма базарларында орын бар. Қазір осы жұмыстарға байланысты түсіндірме жұмыстары жүргізілуде»,-дейді Тәжібек Мұсаев.
Шаһар билігінің айтуынша, қазір сауда орталықтарына қоғамдық көлік жүргізіп, көшелердегі кептелісті азайту мәселесі қарастырылып жатыр. Ал, қала сыртынан салынатын сауда кешенінің құрылысы келер жылға жоспарланған. Ол үшін жер телімдері белгіленіп қойған. Бірінде құрылыс материалдары сатылса, екіншісінде азық-түлік пен киім-кешек саудаланады деп жоспарланып отыр.