Қазақ пен мажарды ортақ тарихи тамыр біріктіреді — ҚР Президенті

1353
Мажарстан Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропа аймағындағы, Еуропалық одақ аясындағы негізгі әріптесі. Бұл туралы бүгін Ақордада елімізге ресми сапармен келген Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбанмен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Виктор Орбан мырзаның елімізге ресми сапармен келуі қазақ-мажар қарым-қатынастарындағы жаңа қадам болды. Біздің келіссөздеріміз екі ел  арасындағы стратегиялық әріптестіктің 5 жылдығына орай өткізіліп отыр. Орталық Еуропа елдерінің ішінде Мажарстан Қазақстанмен стратегиялық әріптестік туралы декларацияға қол қойған тұңғыш ел екенін ерекше атап өту керек. Бұл өзара терең түсіністіктің айқын  дәлелі», — деді ҚР Преиденті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы бұл, Нұр-Сұлтан мен Будапеш арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға деген екі елдің ұмтылысын көрсететіндігін баса айтты.
«Біз Мажарстанды Орталық және Шығыс Еуропа аймағындағы, Еуропалық одақ аясындағы негізгі әріптесіміз санаймыз. Елдерімізді саяси және экономикалық мүдделерімізбен қатар халықтарымыздың ортақ тарихи тамыры біріктіретіндігін айрықша ризашылықпен атап өтемін. Ұлы дала көшпелілерінің 100 мыңнан астам ұрпағының басын қосып отырған мажар қыпшақтарының одағына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құрметті лидер болып сайлануы біздің достық және тығыз қатынастарымыздың айқын айғағы. Бұл өзара байланыстардың дамуына орасан зор үлес қосқан Елбасының ерен еңбегінің кеңінен мойындалғанын көрсетеді», — деді Қасым-Жомар Тоқаев.