Түркістанда сауда орындары қала сыртына көшіріледі

950
Түркістан қаласында сауда орындары қала сыртына көшіріледі. Бұл туралы шаһар әкімінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Түркістан қаласының аумағында жалпы 9 базар, 8 сауда қатары қызмет етуде. Оның ішінде, 5 әмбебап, 3 азық-түлік, 2 көкөніс және 7 азық-түлік емес тауарларды сататын базарлар мен сауда қатарлары бар. Оларда 6 мыңға жуық сауда орындары орналастырылған. Жалпы сауда алаңы — 214971,2 шаршы метрді құрайды. Қаланың сәулеті мен құрылыс жоспарларына сәйкес, сауда жүйесінің басым бөлігі  модернизациялауды қажет етеді. Түркістан қаласында сауда қызметін реттеу жөніндегі амалдардың іс-әрекет алгоритмі бекітіліп, бірқатар жұмыстар атқарылып келеді», — делінген әкімдік ақпаратында.
Бүгінгі таңда қолданыстағы сауда алаңдарын, базарлар мен сауда нүктелерін бір жүйеге келтіру мақсатында қала сыртынан құрылыс материалдарын, киім-кешек, азық-түлік тауарларын саудалайтын базарлар үшін 50 гектар жер телімі белгіленген. Оның ішінде 17 га — Қызылорда бағытынан, 15 га — Кентау бағытынан, 18 га — Шәуілдір бағытында. Жер учаскелерін заңдастырып, реттеу жұмыстары атқарылуда.
Атап өтілгендей, бүгінде Қызылорда және Шәуілдір бағытындағы жерлерді  мемлекет қажеттілігі үшін қайтару жұмыстары жүргізілуде.
Ал Кентау бағытындағы «Сауда кешеніне» белгіленген алаң толығымен бос. Сондықтан заманауи сауда алаңын салу мақсатында қала әкімдігінің 26 сәуір 2019 ж №443 қаулысымен «Түркістан» ӘКК» Акционерлік қоғамына Кентау тас жолы бойынан «Сауда кешені» құрылысы үшін 15 га жер телімі тұрақты пайдалануға берілді.
Осыған орай, «Түркістан» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мамандарымен кездесіп, базарларды ұйымдастыру алаңын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Презентациялық материалдар дайындалуда.
Түркістанда сауда орындары қала сыртына көшіріледі