Түркістан облысына Саха Республикасынан журналистер келді

1068
Түркістан облысына Ресей Федерациясының Саха (Якутия) Республикасынан бір топ журналистер келді. Қонақтар Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесімен танысып, ХІІІ ғасырдың ерекше археологиялық ескерткіші Отырар қалашығын аралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған шара Түркістан облысында түркі әлеміне ортақ құндылықтарды насихаттау мен медиа қауымдастықтардың еларалық байланысын нығайту мақсатында ұйымдастырылды. Сахалық тілшілер қауымы  өңірдің тарихи орындардың тылсымына қанығып, киелі мекендерге қызығушылық танытты. Түркістан қаласына келген шетелдік меймандар  ЮНЕСКО тізіміне енгізілген Қ.А.Ясауи кесенесіне тәу етті. Содан кейін Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың оқу базасымен танысып, университеттің мәжіліс залында шетелдік жас талапкер студенттермен кездесті. Жиында Түркі әлеміне ортақ тарихи, рухани құндылықтар жайлы, медиа қауымдастықтардың еларарлық байланысын нығайту мәселелері жөнінде салиқалы сұхбаттар жүргізді. Жастармен құнды пікірлер алмасып, өз ойларын ортаға салды.
Сапар соңында Саха Республикасындағы БАҚ саласының майталман мамандары, ардагер журналистерінен құралған топ Түркістанға саяхаттың жоғары деңгейде өткенін айтып өтті. Осынау игі істерге бастама болған  облыс әкімдігіне ризашылықтарын білдірді. Меймандар киелі өңірдің туризмі мен рухани-мәдени саласы халықаралық деңгейде дамитытына сенімді екендіктерін жеткізді.