Мәскеудегі трагедия: ұшақта не болғанын ұшқыш пен стюардесса айтып берді

1305
Ұшқыш пен стюардесса айтқандай, ұшаққа найзағай түскеннен соң байланыс үзіліп, аласапыран басталған
Мәскеудің Шереметьево әуежайында өртеніп кеткен Sukhoi Superjet 100 ұшағына найзағай түскен.
Ұшқыш Денис Евдокимов «Комсомольская правда» басылымына берген сұқбатында ұшаққа найзағай тиген соң радио байланыс жойылып, құрылғы дұрыс істемей қалғанын айтты.

«Найзағайдың кесірінен радио байланыс жоғалды. Ұшақ минималды режимге көшті – тікелей басқару режимі. Компьютер арқылы емес, әдеттегідей, тікелей. Апаттық жағдайда басқару режимі. Не болғанын нақты айта алмаймын. Жылдамдық жеткілікті еді, жолаққа жақындағанда процедураға сәйкес ақырындаттық», — деді ұшқыш Денис Евдокимов.
«Аэрофлот» әуе компаниясының Sukhoi Superjet 100 ұшағы жерге қонғаннан соң жана бастады, дейді ұшқыш.
«Әбден тоқтағанда, апаттық эвакуация болатынын жарияладық. Әуелі кабинадан екінші пилот, кейін мен шықтым. Өрт сөндірушілер бар ма, жоқ па деп қарамадым. Ол кезде өрт сөндіру көлігі келіп үлгерген. Өрт қонғаннан кейін басталды. Яғни, ұшақ әуеде өртенген жоқ», — деді Евдокимов.
Иллюминаторлар балқи бастады
Стюардесса Татьяна Касаткинаның айтуынша, төтенше жағдай ұшақ әуеге көтерілген соң он минуттан кейін болған. Найзағай түскен соң, байланыс бұзылыпты.
«Ұшып шыққан соң, бұлтқа тап болдық, бұршақ қатты жауып, бізге естіліп тұрды. Сол сәтте ұшақтың сол жағынан тарс еткен қатты дыбыс шығып, қап-қара түтін болып кетті», — дейді стюардесса. Борт серігінің берген сұқбаты Baza Telegram арнасында жарияланған.
Іште өрт болған жоқ, деп атап өтті Касаткина. Жолаушылардың айтуынша, иллюминаторлар балқи бастапты.
«Бәрі орындарынан атып тұрып, ұшақтың қатты келе жатқанына қарамастан, есікке ұмтылды. Ұшақ тоқтаған соң, бірден эвакуация басталды. Ешкім көрінбей кетті, есікті аяғыммен итеріп ашып, жолаушыларды шығара бастадым. Эвакуацияда жолды бөгеп, тұрып қалмасын деп, әрқайсысын жағасынан сүйредім», — дейді Татьяна Касаткина.
Мәскеу әуежайындағы трагедия
5 мамыр күні кешкісін Мәскеу – Мурманск рейсін орындаушы «Аэрофлот» әуе компаниясының Sukhoi Superjet 100 Шереметьево әуежайына шұғыл оралып, қатты келіп қонды. Ұшақты екінші талпыныстан соң қондыруға мүмкіндік туды. Қонған кезде тағандары сынып, қозғалтқыштары өртене бастаған.

Ресейдің Тергеу комитеті берген мәлімет бойынша, төтенше оқиға салдарынан 41 адам қаза болды, 37 адам аман қалды. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Тергеушілер Шереметьево әуежайындағы оқиғаның бірнеше себебін қарастырып жатыр, деп хабарлады Тергеу комитетінің ресми өкілі Светлана Петренко.
Олардың негізгілері – ұшқыштар, диспетчерлер мен ұшақты тексергендердің біліктілігінің төмендігі, ұшақтағы ақау және ауа райының қолайсыздығы.
Дереккөз:sputnik.kz