Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне 7 кандидатты тіркеді

1503
Еліміздің Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Президенттігіне жеті кандидатты тіркеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы үш үміткерге, атап айтқанда Төлеутай Рахымбековке, Жамбыл Ахметбековке және Әміржан Қосановқа ҚР Президенттігіне кандидат куәлігін табыс етті. Ал бұған дейін республиканың жоғары мемлекеттік лауазымына үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев, Сәді-Бек Түгел, Амангелді Таспихов және Дания Еспаева тіркелген болатын.
Естеріңізде болса, осы жылдың 9 сәуірінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналардан Қазақстан халқына үндеу жариялап, онда биылғы 9 маусымда елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өтетіндігін мәлімдеді.
ҚР Орталық сайлау комиссиясы ұсынған президент сайлауын ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күні, яғни 2019 жылғы 10 сәуірде басталып, 28 сәуірде жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы ҚР Конституциялық заңының 55-бабы 1-тармағына сәйкес Президенттiкке кандидаттарды ұсыну құқығы белгiленген тәртiппен тiркелген республикалық қоғамдық бiрлестiктерге тиесілі. Президенттiкке кандидаттарды қоғамдық бiрлестiктер атынан олардың жоғары органдары ұсынады. 28 сәуірде ҚР Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына кандидаттарды ұсыну қорытындысын жария етті.  Оған сәйкес 9 республикалық қоғамдық бірлестіктің, оның ішінде 4 саяси партияның кандидаты құжаттарын тапсырды.
Осылайша, ҚР Президенттігіне 9 үміткер ұсынылды:
1. Сәді-Бек Түгел: «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік бірлестігі 2019 жылдың 17 сәуірінде ұсынып, ҚР ОСК-ге құжаттарын 22 сәуірде тапсырған;
2. Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Nur Otan»  партиясы қоғамдық бірлестігі 2019 жылдың 23 сәуірінде ұсынып, ҚР ОСК-ге құжаттарын 23 сәуірде тапсырған;
3. Таспихов Амангелді Сатыбалдыұлы: «ҚР Кәсіподақтар федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі 2019 жылдың 24 сәуірінде ұсынып, ҚР ОСК-ге құжаттарын 25 сәуірде тапсырған;
4. Еспаева Дания Мәдиқызы: «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі 2019 жылдың 25 сәуірінде ұсынып, ҚР ОСК-ге 25 сәуірде тапсырған;
5. Рахымбеков Төлеутай Сатайұлы: «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігі 2019 жылдың 25 сәуірінде ұсынып, ҚР ОСК-ге құжаттарын 26 сәуірде тапсырған;
6. Ахметбеков Жамбыл Аужанұлы: «Қазақстанның коммунистік халық партиясы» қоғамдық бірлестігі 2019 жылдың 26 сәуірінде ұсынып, ҚР ОСК-ге құжаттарын 26 сәуірде тапсырған;
7. Қосанов Әміржан Сағидрахманұлы: «Ұлт тағдыры» республикалық қоғамдық бірлестігі 2019 жылдың 26 сәуірінде ұсынып, ҚР ОСК-ге құжаттарын 27 сәуірде тапсырған;
8. Ерғалиев Талғат Файзуллаұлы: «Қазақстан Құрылысшылар одағы» республикалық заңды тұлғалар бірлестігі 2019 жылдың 26 сәуірінде ұсынып, ҚР ОСК-ге құжаттарын 27 сәуірде тапсырған;
9. Жұматай Әлиев: «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі 2019 жылдың 26 сәуірінде ұсынып, ҚР ОСК-ге құжаттарын 28 сәуірде тапсырған.
Алайда, 29 сәуірде «Қазақстан Құрылысшылар одағы» республикалық заңды тұлғалар бірлестігі атынан кандидат ретінде ұсынылған Талғат Ерғалиев саяси додаға қатыспайтындығын мәлімдеді.
2 мамырда ҚР Орталық сайлау комиссиясы «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінен президенттікке үміткер ретінде ұсынылған Жұматай Әлиевті кандидат ретінде тіркеуден бас тартты. Себебі лингвистикалық комиссия Жұматай Әлиевтің  мемлекеттік тілді еркін меңгермегендігі жөнінде шешім қабылдаған еді.
Осылайша, бүгін еліміздің Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне кандидат ретінде ұсынылған 9 үміткердің 7-еуін сайлау заңнамасы талаптарына сай деп таныды.
Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне 7 кандидатты тіркеді
Сонымен 3 мамыр күні ҚР Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сәді-Бек Түгелді ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркеді.
Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне 7 кандидатты тіркеді
Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне 7 кандидатты тіркеді
4 мамырда Амангелді Таспихов пен Дания Еспаева.
Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне 7 кандидатты тіркеді
Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне 7 кандидатты тіркеді
Aл бүгін, 6 мамырда Төлеутай Рахымбеков, Жамбыл Ахметбеков және  Әміржан Қосанов кандидат ретінде тіркелді.
Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне 7 кандидатты тіркеді
Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне 7 кандидатты тіркеді
ҚР Президентігіне үміткерлердің барлығына арнайы куәліктер берілді.
Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, ҚР Президенттігіне тіркелген барлық кандидаттар ҚР Конституциясындағы және «ҚР-дағы сайлау туралы» Конституциялық заңдағы талаптарға толықтай сай келеді. Қолданыстағы заңнамаға сәйке, кандидатқа бірқатар талап қойылады. Атап айтқанда: тумысынан Республика азаматы болуы, қырық жасқа толуы, мемлекеттік тілді еркін меңгеруі, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұруы, кемінде 5 жыл мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымда болуы.
Президенттiкке кандидатты облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен Республика астанасының кем дегенде үштен екiсiнiң атынан теңдей өкiлдiк ететiн сайлаушылардың жалпы санының кем дегенде бiр процентi қолдауы тиiс.  Президенттікке кандидат ретінде тіркелу үшін ұсынылушылар ұсынылатын айдың бірінші күніндегі, яғни  2019 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша өзінің және жұбайының (зайыбының) кірістері мен мүлкі туралы декларациялар тапсырғаны жөнінде мемлекеттік кіріс органының анықтамасын, сондай-ақ өзінің денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытындыны тапсыруы қажет.
Кандидаттарды тіркеу кезеңі 2019 жылдың 11 мамыры күні сағат 11.00-де аяқталады. Айта кетерлігі, декларацияны беру кезінде кандидат немесе оның зайыбы (жұбайы) декларациялаған кірістері мен мүлкі туралы мәліметтердің дұрыс еместігі анықталған жағдайда Орталық сайлау комиссиясы тіркеу туралы шешімнің күшін  жояды.
Сайлау алдындағы үгіт-насихат тіркеу кезеңі аяқталғаннан кейін дереу басталады және дауыс беру күні алдындағы күнгі сағат 00.00-ге дейін, яғни 8 маусым күнгі сағат 00.00-ге дейін жалғасады.
Дауыс беру 9 маусымда жергілікті уақыт бойынша 07.00-20.00 аралығында өтеді. Сайлау аяқталған кезден бастап 12 сағаттан кешіктірмей сайлау учаскелерінде дауыстарды санау жүргізіледі.
Әкімшілік-аумақтық бірліктер бойынша дауыстарды санау нәтижелері аумақтық комиссиялардың отырыстарында белгіленеді және ОСК-ға екі күн мерзім ішінде (11 маусымнан кешіктірмей) жеткізіледі.
Орталық сайлау комиссиясының сайлау нәтижелерін белгілеуіне және жариялауына, сайланған Президентті тіркеуіне 7 күн көзделген.