«Ауыл» партиясы өз үміткерін қолдау мақсатында фотокөрме өткізді

1105
Елордада президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбековты қолдау мақсатында фотокөрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Ауыл» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 
Елорда төрінде шалғайдағы елдімекен тұрмысынан сыр шертетін суреттер қойылып, қала тұрғындарының жақынырақ танысуына мүмкіндік жасалды. Көпшілік назарына ұсынылған туындыларда ауылдың қазіргі тұрмыс-тіршілігі, бет-бейнесі және әлеуметтік мәселелері көрініс тапқан. Шара аясында кандидаттың сайлауалды бағдарламасы да таныстырылды.
«Бұл фотосуреттерден ауыл тірлішігін жан-жақты көруге болады. Бәрі бар. Ауылдағы тірлік. Балалардың өмірі. Үлкендер мен жастар арасындағы қарым-қатынас. Кейбір әлеуметтік мәселелер. Әрине, осы фотосуреттердің негізгі жиынында, негізгі мазмұнында біздің кандидатымыздың бағдарламалалық мақсаттырымен үлкен сәйкестік, үлкен үйлесім бар — дейді «Ауыл» ХДПП Орталық Аппаратының жетекшісі Қуаныш Сейтжанов.
Елордадағы көрмеге республикалық жарыста үздік атанған туындылар қойылды. Яғни, осы мақсатта бірер ай бұрын «Ауыл» партиясы арнайы байқау жариялап, оған еліміздің барлық аймағынан 300-ден аса фотосурет келіп түскен еді. Араларынан ең үдік деп танылғандары енді көпшілік назарына ұсынылып отыр. Президенттікке үміткер Төлеутай Рақымбековтың сайлауалды бағдарламасы осындай ауылдардағы тұрмысты жақсартып, әлеуетін арттыруға бағытталған.

Бұған қоса, шалғай жатқан елдімекендердегі рухани құндылықтарды сақтау, ұлттық дәстүрді дәріптеу және жастармен жүйелі жұмыстану сияқты мәселелерді де қамтиды. Кандидаттың өзі сайлауалды бағдарламасын жақын күндері өңірлерге жасайтын сапарында кеңінен таныстырмақ.