ҚКХП өз кандидатын қолдауға арналған автошеру өткізді

1129
14 мамыр күні елордада Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Астана қалалық комитетінің сайлауалды штабы партия атынан кезектен тыс президент сайлауына түсіп жатқан кандидатты қолдау мақсатында автошеру өткізді. Бұл туралы партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды. 
Көлік керуені Д. Қонаев, Мәңгілік ел көшелерінің қиылысынан жолға шықты. Қала көшелерімен қызыл байрақты желбіретіп жүйткіген темір тұлпарлар бірден жұрттың қызығушылығы мен таңданысын туғызды. Өйткені әр көліктен коммунистердің нышаны мен мұндалап тұрды.
«Автошеруге кандидаттың үгіт-насихат жұмысына серпін беру, тұрғындарды партияның тыныс-тіршілігімен таныстыру міндеті жүктелді», — деді ҚКХП Астана қалалық сайлауалды штабының жетекшісі Нұрдәулет Оразханов.
Көлік керуені алғашқы аялдама ретінде Министрліктер үйінің алдына тоқтады. Осылайша мемлекеттік қызметкерлердің назарын өзіне  аударды.
Үгітшілер көлікте отырып, дыбыс зорайтқышпен «ҚКХП үшін дауыс бер!», «Адал еңбек қоғам мүддесі үшін!» деп ұрандады. Сонымен қатар олар сайлауалды бағдарлама жазылған буклеттерді таратты.
Автошеруге қатысушылар сол жағалауда орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығы мен «Астана-молл» сауда орталығына, «Артем», «Шапағат», базарларына аялдады. Бұл жерлерде де коммунистер халықпен кездесіп, оларды сайлауға қатысуға және ҚКХП кандидатына дауыс беруге шақырды.