Жамбыл облысының Қордай ауданында болған жаппай төбелес кезінде адам шығыны болды, зардап шеккендер де бар
Қазақстанның ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Жамбыл облысының Қордай ауданындағы жаппай төбелес кезінде 8 адам қаза болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«7 ақпанда кешкі сағат 19:00-де Жамбыл облыстық полиция департаментіне Қордай ауданындағы Масанчи ауылының жанында 70-тен астам адам төбелесіп жатыр деген ақпарат түсті. Заңсыз әрекеттерді тоқтату үшін дереу полиция қызметкерлері жіберілді. Сол жерде болған адамдар төбелесті видеоға түсіріп, әлеуеметтік желі арқылы таратқан. Соның нәтижесінде басқа ауылдардан келген 300-ден астам азамат төбелеске қосылып кетті», — деді Тұрғымбаев астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша, екі жақ бір-біріне тас лақтырып, таяқпен ұрған. Тіпті, қару да қолданған. Соның салдарынан 8 адам қайтыс болды. 40-тан астамы жарақат алды.
«Жағдайды тұрақтандыру үшін оқиға орнына ішкі істер органдарының қосымша күштері жіберілді. Жедел тергеу тобы құрылып, адам өлтіру мен бұзақылық бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі кезде жағдай тұрақты», — деп атап көрсетті Тұрғымбаев.
Қордай ауданында не болды?
Кеше, 7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Сортөбе ауылында патрульдік полиция «Honda Odyssey» көлігін тоқтатқан. Ресми мәліметке сәйкес, көліктің мемлекеттік нөмірі талаптарға сай болмаған. Ал құжатты тексеру кезінде өзге де заңбұзушылықтар анықталған.
Ер адамдар полиция қызметкерлерінің учаскелік бекетке бару талабына құлақ аспаған. Біреуі көлікпен қашып құтылмақ болған. Полиция оны өз үйінің ауласында тоқтатқанда ер адамның туған-туыстары полицейлерге жабыла кетеді. Салдарынан тәртіп сақшылары жарақат алып, қызметтік көлік зақымданды.
Осы оқиға бойынша екі әкімшілік хаттама рәсімделді. Бұдан бөлек, қызметін атқарып жүрген билік өкіліне күш қолданғаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Екі адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Ал көрші Масанчи ауылында жергілікті тұрғындар арасында жаппай төбелес болды. Жамбыл облысы полиция департаментінің тергеу басқармасында қылмыстық кодекстің 293-бабы («Бұзақылық») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Мемлекет басшысы оқиғаны бақылауда ұстап отыр
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қордайдағы оқиғаға қатысты пікір білдірді.
«Жамбыл облысы Қордай ауданында бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес болды. Оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған. Полиция жағдайды реттеп, өз бақылауына алды. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады», — деп жазды президент өзінің Twitter парақшасында.
Сортөбе мен Масанчи ауылдары Қазақстан-Қырғызстан шекарасына жақын орналасқан. Кешегі оқиғадан кейін көрші мемлекет шекарашылары күшейтілген режимге ауысты.
Жаппай төбелес болған Масанчи ауылында 2009 жылғы халық санағы бойынша 13 606 адам тұрады. Соның ішінде 90 проценті – дүнгендер, 5 проценті – қазақтар және 5 – орыстар. Масанчиде дүнген халқы тарихының музейі орналасқан.
Тоқаевтың мәлімдемесі
Бүгін Ақорданың ресми сайтында президенттің мәлімдемесі де жарияланды.
«Бүгін түнде Жамбыл облысы Қордай ауданында жергілікті тұрғындар арасында жаппай төбелес, жанжал болды. Бұл ахуалды арандатушылар өз мақсатына пайдаланды. Өкінішке қарай, бұл оқиға кезінде адам шығыны болды. Мен қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін», — деп атап өтті Тоқаев.
Қазіргі кезде полиция мен ұлттық ұлан жағдайды бақылауға алды. Ал үкіметтің жанынан комиссиясы құрылды. Оған премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев төрағалық етеді. Комиссиясы оқиғаның себебін анықтайды.
«Жамбыл облысы әкімімен бірлесіп, қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстарын ұйымдастырады. Сондай-ақ, жағдайды тұрақтандырумен айналысады. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар анықталып, қатаң жауапқа тартылатын болады», — деп түйіндеді Тоқаев.