«Алдымен әйелдеріңе ие болыңдар, сосын ел туралы айтасыңдар»: Шымкент әкімі Арыс тұрғындарына ұрысты

1227
Шымкент қаласының әкімі Әбдірахымов Ғабидолла Рахматоллаұлы шу көтерген арыстықтарға жекіп тастады. 
Арыс тұрғындарымен кездескен қала әкімі ашуын баса алмай, өзіне айып таққан тұрғындарға ұрысты. Бұл сәттің видеосы желіде тарады. 
«Тілім бар екені деп әр нәрсені айта бересіңдер. Біз ойнап жүрген жоқпыз. Қолдан келгенді жасап жатырмыз. Осы мәселені шешіп жатырмыз күн-түн демей. Біз де пендеміз ғой, құдай болсам бәрін бір күнде ретке келтірер едім. Мен құдай емеспін. Еркектерге не жоқ, әйелдерді жарайды. Алдымен әйелдеріңе ие болыңдар, сосын ел туралы айтасыңдар. Әйелдеріңе ие болмай тұрып, маған ақыл айтасыңдар», — деді ашуға мінген әкім.
Бұл ретте тұрғындар арасында әкімді қолдағандар да, қарсы болғандар да бар.
«Дұрыс айтасыз, рахмет, сөзіңізді қолдаймын», «Не үшін рахмет айтуымыз керек», деп екіге бөлінді көпшіліктің пікірі.
Айта кетсек, маусымның 27-сі күні, шамамен сағат 11 кезінде Арыс тұрғындары Шымкенттегі «Бекжан» базары мен «Ақмешіт» мешіті алдындағы көшені жапты. Олар Арыс қаласындағы жарылыстан кейін аталған мешітті уақытша паналап жатқан болатын.
Шымкент қалалық әкімдігінің шенеунігі наразы халықты мешітке қарай шақырғанымен, жұрт оған бағынудан бас тартты. Әкімнің келуін күтетінін, үй мен жер беруін сұрайтынын жан-жақтан айтты. Ғабидолла Әбдірахымов Арыс тұрғындарының талаптарына жауап берді.

Дереккөз:stan.kz