Оқ-дәрі сақтайтын қойманы таза ұстау керек

1487
«Бекерден бекер оқ-дәрінің қасында адам тұрмайды ғой. Осының өзін дұрыстап анықтау керек. Бұл жолы қандай қателік кетті?». Бұрынғы қорғаныс министрі, генерал-полковник Сәт ТОҚПАҚБАЕВ Арыс қаласында болған жарылысқа қатысты «Жас АЛАШ» тілшісіне пікір білдірді.
«Осы оқиғағаның ортасында жүрмегеннен кейін пікір айтудың өзі бізге қиын. Жарылыстың неден болғанын, нақты себебін білмеймін. Бір уақыттарда Арыста  2 рет жарылыс болғаны рас. Бұл үлкен арсенал. Енді, алдағы уақытта тағы да бір жарылыс болмас үшін комиссия тексеру керек. Бұл жолы қандай қателік кетіп отыр? Соны анықтаса дұрыс болар еді.
Өкінішке орай екі адам өмірден озды. Жақындарына «Мықты болсын» дегім келеді. Қайғырып көңіл айтамын. Қателік кетті. Әрбір адамның өмірі қымбат еді бізге. Алдағы уақытта бұл жағдай қайталанбауы керек. Ал, тұрғындарға қатысты айтар болсам, Арыста баяғы заманнан арсенал бар.  Бәлкім, ұзақ уақыттан бері жарылмаған қойма тұрғындар үшін қауіпсіз болып көрінген болар. Айналасында неліктен халық тұрып жатыр? Осының өзін дұрыстап анықтау керек деп ойлаймын. Бекерден бекер оқ-дәрінің қасында адам тұрмайды ғой. 
Мен қызмет істеген уақытта жиі қадағалайтынбыз. Тазалау жұмыстарын жасап дегендей. Тазалау жұмыстары ұзақ уақыт жасалмаса да оқ-дәрі жарылуға жақын болады. Әйтеуір, бір себеп болды ғой. Қарауы тиіс адамдар қарамады ма? Кім білсін?» 2009 жылы Арыстағы «ҚазАрсеналда» осыған ұқсас жағдай болған еді.
Ол кезде үш адам қаза тауып, 17 адам ауруханаға түскен. Мәжілісте депутат, отставкадағы генерал-майор Ержан ИСАҚҰЛОВ Арыс қаласы маңындағы әскери бөлімдерде Ауған соғысынан қалған миллиондаған қару-жарақ пен оқ-дәрілердің барын айтып, бұндай таргедияның қайталануы ықтимал деген еді. Өкінішке қарай экс-депутаттың айтқаны дәл келді.
Оқи отырыңыздарАрыстан көшірілгендердің кейбірі биліктен «көмек жоғын» айтады
24 маусым күні таңғы сағат 09:20-да Арыста орналасқан әскери бөлімшедегі қоймада жарылыс болды. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Арыстағы Қазақстан қарулы күштері бөлімдерінің бірінде өрт шығып, салдарынан оқ-дәрі жарылған.
Оқи отырыңыздар«Қару-жарақ сақталған жерде халық тұрмауы тиіс»
Қалада төтенше жағдай жарияланып, тұрғындар қауіпсіз аймақтарға көшірілген. Қазір Арыстықтарға кәсіпкерлер, Қазақстанның өзге өңірлеріндегі азаматтар жаппай «Арыспен біргеміз!» акциясын ұйымдастырып, көмек қолын созуда.