ШЫМКЕНТ: МӘРТӨБЕЛІКТЕР ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ БІРЛІКТІ ҚОЛДАЙДЫ

724

Шымкент қаласындағы Мәртөбе тұрғын алабындағы жергілікті тұрғындармен кездесу өтті, деп хабарлайды ardak.kz. Кездесуге қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесі мен Қаратау ауданы әкімдігінің жауапты қызметкерлері, ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдардың өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Аталған кездесудің мақсаты – жергілікті тұрғындарға, жастар өкілдеріне қоғамдық келісімді сақтау, этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын нығайту, құқықтық тәрбие мен жастар арасында әскери міндеттілікті өтеу мәселелерін түсіндіру болды. Айта кетейік, жақында Исфиджаб тұрғын алабындағы жергілікті азаматтармен кездесу өтті. Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесі мен Қаратау ауданы әкімдігінің жауапты қызметкерлері ұйытқы болған жиынға қалалық ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдардың өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Күн тәртібінде қоғамдық келісімді сақтау, құқықтық тәрбие мен жастар арасында әскери міндеттілікті өтеу сынды мәселелер сөз болды. Еркін форматта өткен жүздесуде жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатқа қатысты жұртшылықтың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, өзекті мәселелер бойынша жедел сауалнама жүргізілді. Бүгінде Шымкент қаласы аумағындағы 23 тұрғын алапта этнос өкілдері жинақы қоныстанған. Осы аумақтағы тұрақтылықты сақтау, мемлекеттік саясат пен қолданыстағы заң талаптарын түсіндіру, жағымсыз жағдайлардың алдын алу бағытында жыл басынан бері 54 мақсатты кездесу өткізіліп, этносаралық қарым-қатынасқа ықпал ететін ықтимал жағдайларға талдау жасалды.

Еске сала кетейік, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан 17 этномәдени бірлестік қызмет атқарып жатыр. Ал, олардың жанында 21 шығармашылық ұйым мен 3 жексенбілік мектеп жұмыс істейді.