Білім министрінің көмекшісі мен ЖОО ректоры 7 млн теңге «жеп қойды»

1405
Университет ректоры білім министрінің көмекшісіне заңсыз айлық аударып отырған деген күдікке ілікті.
Парақорлық пен бюджет қаражатын жымқыруға қатысты ашылған деректер туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент директоры Арман Бердалин айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Павлодар облысындағы университет ректоры білім және ғылым министрінің көмекшісіне заңсыз жалақы аударып келген екен.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры мен ҚР Білім және ғылым министрі көмекшісінің аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырған дерегін анықтады. Олар 2017 жылдан бері қазірге дейін министр көмекшісіне 7 млн теңгеден астам жалақы аударған. Тергеу жүріп жатыр, – деді Бердалин.
Сондай-ақ, Агенттік «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасының пара алғанын анықтаған.
– Ол республикадағы жоғарғы оқу орнындарының бірінің ректорынан 5 мың доллар көлемінде пара алған. Ғылыми жобаларды қаржыландыру туралы оң шешім шығару мен ректорды жалпы өз қорғауына алатыны үшін алған параны. Күдіктілер өз кінәларын мойындап, тергеуге көмектесуге келіскендіктен, қамауға алынбады, – деді Бердалин.