ОТЫРАР АУДАНЫ МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАР ҮШІН КЕДЕРГІСІЗ КЕҢІСТІККЕ АЙНАЛУЫ ТИІС

984
Мүмкіндігі шектеулі деп аталғанымен осынау жандар да қоғамымыздың бір мүшесі санатында. Сондықтан оларды өзекке теппей, керісінше көп болып көмектесу барлық тұрғыдан қолдау көрсету аса маңызды. Бүгінгі таңда үкімет тарапынан азаматтарға барынша сапалы әрі уақытылы қызмет көрсету бағыты талмай еңбек етуде. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ерекше көңіл бөлінуде. 
Оның қатарында, мүмкіндігі шектеулі жандарды тегін такси қызметімен қамту маңызды мәселелердің бірі. Міне, осы мақсатта бүгін жергілікті бюджет қаржысы есебінен «Үйде әлеуметтік қызмет көрсету» мекемесінің теңгеріміне мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы жабдықталған «Газель» автокөлігі сыйға тарту етілді.

Осындай игі шараға арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Ерлан Айтаханов ізгі тілегін жеткізді. Сөз барысында аудан басшысы бұл шара облысымыздағы аудан-қалалардың ішінде бірінші рет біздің ауданымызда жүзеге асырылғандығын ерекше атап өтті және де мұндай арнаулы көліктің алынуына жеке қабылдауға келген азаматтардың өтініштері себеп болғандығын айтып кетті. Сонымен қатар, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдаған: «Қазақстан жолы -2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» жолдауында «мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек назар аудару керек» — деген тапсырмасы аясында осындай игі шаралар мұнымен шектеліп қалмайтындығын жеткізіп, автокөлік кілтін салтанатты түрде «Үйде әлеуметтік қызмет көрсету» мекемесінің басшысы Сәкен Кішібайға табыстады.
Осы шарада сөз алған Құрбанкүл Ермекбаева мүмкіндігі шектеулі жандарды назардан тыс қалдырмай, әрдайым көңіл бөліп, қолдау білдіріп келе жатқан ел Үкіметіне және аудан әкіміне риясыз алғысын білдірді.
Іс-шара аяқталған соң бір топ мүмкіндігі шектеулі азаматтар дәрігерлерге көрініп,  емдік шаралар қабылдау үшін су жаңа көлікпен облыс орталығына аттанып кетті.
Отырар ауданының баспасөз қызметі