Арыста ешқандай эпидемиологиялық қауіп жоқ — мамандар

947
Аумақтарды тексеру, дәрілеу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда Жамбыл, Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының мамандары жұмыс істеуде.
Арыс қаласы тұрғындарының тынысы тарылып, белгісіз індеттен көз жұмып жатыр деген ақпарат жалған. Шаһарда орын алған апаттан кейін шығып жатқан мұндай дәлелсіз ақпарларға ермеуге шақырамыз. Осы орайда әлеуметтік желілер мен дәлелсіз жалған ақпарат тарқатқан кейбір БАҚ-тағы мәліметтердің шындыққа еш жанаспайтынын жеткіземіз. Бүгін бұл туралы Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Марат Пашимов Арыс қаласы әкімдігінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының дәрігерлері Арыс қаласы тұрғындарының денсаулығын тексеру үшін аула аралау жұмыстарын жүргізуде. Халық арасында кенеттен келген кеселге кезіккені анықталмаған. Арыс қаласында орналасқан 17 сектор бойынша 24 маусымнан бастап дәрігерлер тәулік бойы қызмет көрсетіп келеді. Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың басқаруымен арнайы медициналық штаб үздіксіз жұмыс атқаруда.
Ағымдағы жылдың 28 маусымы мен 18 шілде күндері аралығында Арыс қаласында 18 мыңнан астам жеке және көпқаббатты тұрғын үйлердің, 441 мекеменің аулалары тексерілген.
«Тексерулер нәтижесінде тұрғындар мен сауда орындарынан 11 мың келіге жуық азық-түлік тәркіленді. Қаладағы барлық қоқыс орындары, әжетханалар залалсыздандырылды. Жалпы 50-дей үй жануарының өлекселері шығарылды. Аумақтарды тексеру, дәрілеу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда Жамбыл, Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының мамандары жұмыс істеуде. Жалпы қаланың эпидемиологиялық жағдайы толық бақылауда», — деді Түркістан облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов.
Арыс қалалық ауруханасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Осыған орай, науқастарға Арыс қалалық емханасы мен Облыстық клиникалық ауруханасында және Ордабасы аудандық орталық ауруханасында медициналық көмек толық, жан-жақты көрсетіліп жатыр. Арыстықтарға алаңдауға еш себеп жоқ.