Жоғары оқу орындарын оңтайландыру жөніндегі комиссия таяу күнде биыл жабылатын университеттердің тізімін жария етеді.
Қазір елімізде 130 жоғары оқу орны бар болса, олардың 15 пайызының сапасы мен түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші өте төмен. Кей университеттер аккредитациядан өтпеген, кейбірі еңбек нарығына қажетті мамандықты оқытпай, құр диплом берумен ғана шектелген. Тексеріс кезінде студенттердің арасында бәсекелестік жоғы, барлығына теңдей баға қойылатыны анықталған.
Жоғары оқу орындарын оңтайландыру жөніндегі комиссия биыл саны бар, сапасы жоқ университеттердің санын қысқартпақ. Олар сот шешімімен жабылады не мәртебесін өзгертіп, басқа оқу орындарымен бірігеді.
Комиссия мүшесі, ЖОО қауымдастығының президенті Рахман Алшановтың айтуынша, Білім және ғылым министрлігі тексерістен өткізіп, сапасына күмән келтірген оқу орындарының тізімін комиссияның қарауына береді. Комиссия мүшелері ЖОО ректорларымен сөйлесіп, өз ұсыныстарын айтады. Яғни, университеттер басшылығы өз еркімен бір шешімге келуі керек не мәселе сот арқылы шешіледі.
«Бастапқы тізімде 5-6 ЖОО тұр. Олар қазір бірігу жолдарын іздеп жатыр. Жаңа оқу жылына дейін бір жақты шешім шығады. Шамамен оқу орындарының 15 пайызы жабылады не мәртебесін өзгертеді. Мысалы, Қостанай және Тараздағы университеттер бірігетін болды», – деді Рахман Алшанов.