ШЫМКЕНТТЕ РЕПРОДУКТИВТІ МЕДИЦИНАЛЫҚ КЛИНИКА АШЫЛДЫ

1014
Елімізге танымал репродуктивтік медицина институты Шымкент қаласында филиалын ашып, жұмысын бастады. Бүгін аталмыш клиникаға қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы келді.
Бұл жоғары репродуктивтік технологиялар саласындағы соңғы жетістіктердің көмегімен бедеулікті емдеуге арналған денсаулық сақтау саласының жаңа әлеуметтік-маңызы бар нысан саналады.
Клиникада тиімділікті барынша арттыру мақсатында әйелдер мен ерлер бедеулігін емдеудің толық спектрі ұсынылған.
Мұнда ЭКО бөлімі, адам геномын толық зерттеуге арналған генетикалық зертхана, әйелдер кеңесі, жедел гинекология-лапароскопиялық орталық, жедел емдеуді қоса ерлер белсіздігін емдейтін андрология және урология бөлімі бар. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының студенттері мен курсанттарына арналған оқу базасы да осында орналасқан.
Клиника бір ауысымда 250 адамды қабылдай алады. Жылына 3000 ЭКО бағдарламасын, 2000 лапароскопиялық ота жасауға бар.
Айта кетейік, орталықтың ашылуына репродуктивтік медицина институты 1 миллиард 25 миллион теңге инвестиция құйды. Алдағы уақытта 150 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарлануда.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі