Түркістан облысында коронавирусқа байланысты арнайы ситуациялық орталық жұмысын бастады

973
ҚР Президентінің Жарлығын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп, төтенше жағдай кезінде облыс аумағында бірнеше шаралар жүзеге асады.
Түркістан облысы әкімдігі тарапынан облыс аумағында инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша барлық қажетті медициналық, профилактикалық және ұйымдастыру шараларын қабылдады, деп хабарлайды zakon.kz.
Арнайы ситуациялық орталық құрылып, штаб өз жұмысын бастады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мәлімдеді. ҚР Президентінің Жарлығын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп, төтенше жағдай кезінде облыс аумағында бірнеше шаралар жүзеге асады.
Санитарлық қауіпсіздік шараларын күшейте отырып, ірі сауда орындарының жұмыс кестесі сағат 10:00 мен кешкі 18:00 аралығында болады. Нан-бөлке және кондитерлік өнімдер тек ораулы күйде сатылуы қажет. Киім-кешек базарлары сағат 11.00-17:00 аралығында жұмыс істейді. Дәмханалар мен мейрамханалар жұмыс уақыты кешкі 22:00-ге дейін шектеліп, келушілер саны 50 адамнан аспауы қажет. Спорттық іс-шаралар көрерменсіз өтеді. Ауқымды отбасылық салтанатты іс-шаралар мен еске алу салттарын өткізуге тыйым салынады. Сауда орталықтары, кинотеатр, театр, көрме, фитнес-орталықтар мен жаттығу залдары, түнгі клубтар және адам көп жиналатын басқа да ойын-сауық орындарының қызметі тоқтатылады, — деді Сәкен Амангелдіұлы.
Сонымен қатар, облыста мектептен тыс қосымша білім беру нысандары, аула клубтары, үйірмелер, секциялар, компьютерлік клубтар жабылады. Карантиндік режимді сақтамаған, медициналық ұйымға барып қаралудан бас тартқан азаматтарды бақылау күшейтіледі. Қоғамдық орындар мен көліктерде санитарлық іс-шаралар тұрақты жүргізіледі. Барлық емдеу және медициналық-әлеуметтік мекемелер, қарттар мен мүгедектерге арналған интернаттар мен балалар үйлеріне келуге тыйым салына отырып, карантинге жабылады. Сондай-ақ, брифингте облыс әкімнің орынбасары Ұлан Тәжібаев облыстық әкімдіктің ресми сайты жанынан ақпараттандыру парақшасы ашылғанын баяндады. Онда коронавирустан сақтану жолдары бойынша кеңестер, облыста індетке байланысты қолға алынған барлық шаралар және ресми ақпараттар салынатын болады. Сонымен қатар, сауда орындарының жұмыс істеу кестелері жарияланады.