Басты Қазақстан Меморгандарды 25 пайызға қысқартуды бүгіннен бастау керек
Коронавирус салдарынан елімізде қалыптасқан қазіргі дағдарыстың беталысы ұзаққа созылатын түрі бар. Осыған байланысты баршаны үнемшілдікке шақырып, Республикалық қор құру туралы Елбасының үндеуін қоғам әрқилы қабылдап жатыр. Бизнесі мығым қалталылар қолдау көрсетсе, қалтасы тесік жұрттың біразы қарсылық білдіруде. Әрине, мұндай нәзік мәселеде шешім қабылдау әркімнің өз қалауындағы нәрсе. Ең бастысы, төтеннен келген зауалды бірлескенде ғана жеңетініміз айқын боп қалды.
Осы орайда, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік жастар кадрлық резервімен өткен кездесуде сөйлеген сөзі ойға оралады.
«Осы жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлердің саны біртіндеп қысқарады. Үнемделген ақша олардан гөрі пайдалырақ қызметкерлерді материалдық ынталандыруға жұмсалады», — деген болатын Президент. Міне, әңгімені осыдан бастауымыз керек.
Бірінші. Бүгінгідей ел басына күн туған сындарлы кезеңде, шектен аса ұлғайып кеткен мемлекеттік басқару аппаратын қысқартуды бұдан арыға соза берудің еш қисыны жоқ. Белгіленген жұмысты дәл қазірден бастап қолға алғанымыз жөн.
Мәжіліс депутаты Азат Перуашев осыдан бес жылдай бұрын: «Қазақстан экономикасында жұмыс істейтіндердің 21 пайызы – шенеуніктер немесе ұлттық компаниялардың менеджерлері екен. Біздің елімізде шенеуніктер саны басқа мемлекеттермен салыстырғанда өте көп. Мәселен, Америкада – 14%, Австрияда – 10%. Ал, 128 миллион халқы бар Жапонияда небәрі 9 мың ғана шенеунік бар. Бізде 18 миллион халыққа – 100 мың шенеунік!», — депті («Жас қазақ» газеті, 15.07.2015 ж.).
Иә, одан бері де ештеңе өзгере қоймады, бастық болғысы келетіндердің қатары азайған емес. Жапонияда бір шенеунікке 14 мың адамнан келсе, бізде бір шенеунікке – 180 адамнан келеді. Статистика бойынша, еліміздегі бюджеттік мекемелерде 275 мың қызметкер, басқару салаларында 92 240 шенеунік жұмыс істейді.
Үкімет жоспарында қысқартуға түсетіндердің қатарын 2024 жылға қарай 25 пайызға жеткізу көзделіпті. Дұрыс-ақ! Алайда, мемлекет мүддесі тұрғысынан ойласақ, қоғамға пайдасы жоқ қызметкерлерді бес жыл бойы асыраудың не қажеті бар? Ағылшын саясаткері Эдмунд Берк «Билік көп болған сайын, оның тәбетін қанағаттандыру қаупі де көбейе түседі» деген екен. Ендеше, министрлік пен әкімдіктердегі, ұлттық компаниялардағы көдедей көп орынбасарларды, «барып-кел, шауып келмен» отырған мыңдаған кеңесші, хатшы, көмекші, офис-менеджерлерден дәл бүгін арылсақ, ортамыз ойсырап қалмасы анық. Оларды қайта мамандық даярлау курсынан өткізіп, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша құрылысшы, дәнекерлеуші, жүргізуші, кірпіш қалаушы сияқты адам күші жетіспейтін салаларға жіберсек, әлдеқайда тиімдірек іс болар еді.
Адамзат тарихында мемлекеттік аппаратты 25 пайызға қысқарту оқиғасы 1985 жылы Англияда жүргізілген екен. Биліктің жоғарғы эшелонынан 19%, орта буыннан 7,2%, төменгі буыннан 10,4% мемлекеттік қызметкерлер орнынан босатылып, әлеуметтік-тұрмыстық салаларға жіберілген. Үнемделген қаржы елді цифрландыру мақсатына жұмсалған. Еуропа елдері Төртінші индустриялдық революция аясында басқарудың осындай жаңа стандарттарын енгізіп жатқан кезде, біздің әлі күнге кеңестік жүйенің сарқындысына батып отырғанымыз, айтуға ұят!
Мен заң университетінің аспирантурасында жүргенде, Дания мемлекетінің басқару құрылымын біршама зерттеген едім. Монорхиялық ел саналатын, бірақ демократиялық құндылықтарды ерекше пір тұтатын кішкентай Данияда мемлекеттік органдардағы басшы тұлғалар өте аз. Бастықтарды қарапайым жұрт іздемейді де, қажетсінбейді. Есесіне, мемлекеттік құрылымдардың жұмысы өте жақсы жетілдірілген. Цифрландыру нәтижесінде 14 округтік кеңес пен 275 муниципалитет, ведомстволар өзара ортақ электронды желімен байланыстырылған. Әрбір азаматтың жеке электронды кабинеті бар, үйден шықпай-ақ, интернет арқылы мемлекеттік органдармен тілдесіп, он минутта шаруаларын бітіре алады. Мұндай жүйе жыл сайын бюджеттің 20%-ын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Әрине, мұндай жаңаша қадамдар біздің елде де қолға алына бастағанына біршама уақыт болды. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының «Цифрлық мемлекетке көшу» бағыты халыққа қызмет көрсету функцияларын түрлендіруді мақсат тұтады. Болашақта бірін-бірі қайталайтын мемлекеттік құрылымдар, басы артық лауазымдар өзінен-өзі жойылатыны анық. Көмекші, кеңесші, атқосшы дейтіндердің еш қажеті болмай қалады. Басшылар қайда жүрсе де, өз мекемесіндегі қызмет ағымын смартфон арқылы қадағалап отыруға мүмкіндік алады. Екінші жағынан, бұл цифрландыру билік органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың жолын кеседі. Адамдар тұрмыстық мәселесін шешу үшін әкімдерді іздемейтін, құжат жинау үшін бір облыстан бір облысқа шапқыламайтын болады. Бірақ, бұл жетістікті халық болашақта емес, бүгін көргісі келетіні ақиқат.
Екінші. Елде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев табысынан айырылған 1,5 миллиондай адамға 42 мың теңгеден берілетінін айтты. Орынды шара. Бірақ, «төтенше жағдай» өткеннен кейін, олардың жағдайы не болмақ? Жұмыссыз отырған, табысы төмен отбасылары, ең төменгі зейнатақы алатындар қайтпек? Осы орайда, коронавируспен күреске $15,5 млрд. қаржы бөлген Түркия президенті Реджеп Ердоғанның ең төменгі зейнетақыны тұрақты түрде 1500 лирге (105 мың теңгеге) дейін көтерген әрекеті үлгі болуға тиіс деп ойлаймыз.
Қазіргі уақытта еліміздегі ең төменгі зейнатақы – 16 839 теңге, ең төменгі күнкөріс деңгейі – 31 183 теңге, ең төменгі жалақы – 42 500 теңге көлемінде. Азық-түлік қымбатшылығы, коммуналдық төлемдер қос өкпеден қысқан кезде, болмашы қаражатты қай жағына жеткізерін білмей отырғандарға қалай көмектесе аламыз? Оның көзі – үнемшілдікте!
Мысалы, өткен жылдан бері Қазақстанда бюджет қызметкерлерінің жалақысын 25 пайызға көтеру ісі жалғасуда. Бұл мақсатқа 2019-2021 жылдары қосымша 980 млрд. теңге бөлінетіні хабарланған болатын. Биыл орташа айлық жалақы алғаш рет 200 мың теңгеден асты. Нұр-Сұлтан қаласында 308 мың теңгеге жетті. Бұл ретте, дәрігерлер, мұғалімдер, балабақша тәрбиешілері мен техникалық жұмысшылардың еңбегін лайықты бағалауды қолдаймыз. Бірақ, мемлекеттік басқару саласындағы қызметкерлердің жалақысын одан ары көтеруді тоқтатып, үнемделген 980 млрд. теңгені халықтың әлсіз топтарына бөліп беруді қарастыруды ұсынамыз.
Үнемшілдіктің екінші бір көзі – 1 млн. теңгеден (одан да жоғары) жалақы алатын мемлекеттік қызметкерлердің тәбетін шектеу. Парламенттің екі палатасындағы 156 депутат, министрлер, әкімдер, комитет төрағалары, облыстық деңгейдегі басшылар, «А» корпусының мемлекеттік қызметкерлері, Жоғарғы Сот және аймақтық соттардың судьялары, прокурорлар, «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» сияқты ұлттық компаниялардың (еншілестерімен бірге) топ менеджерлерінің еңбекақысын Нұр-Сұлтандағы орташа айлық деңгейінен асырмау шараларын заңдастыру керек! Және оларға қосымша берілетін бонустық төлемдерді мүлде тоқтату қажет. Бүгінде олардың 70 пайызы үйлерінде қашықтан жұмыс істеуге көшті. Ендеше, үйде отырғандардың күнкөрінісіне 308 мың теңге артығымен жетпек.
«Жұртпен көрген ұлы той» дейді қазақ. Бұл ұсынысты халық қамын ойлайтын саналы депутаттарымыз да, ел бастаған лауазымды шенеуніктер де бірауыздан қолдайды деп сенеміз.
Үшінші. Уақыт сұранысына орай, мемлекеттің орталық және жергілікті билік органдары жүйесіндегі бірін-бірі қайталайтын құрылымдарды оңтайландыру қажеттігі туындап отыр. Әсіресе, денсаулық сақтау, білім беру, спорт, табиғат қорғау сияқты салаларда министрліктер мен әкімдіктерге қарасты қосарланған департаменттер, басқармалар, мамандық жетілдіру институттары бюджетке орасан зор ауыртпалық түсіріп отырағаны жасырын емес. Оларды қысқарту немесе біріктіру шараларын неге қарастырмасқа?
Көзіммен көрген бір мысалды айтайын. Кезінде Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне қарасты Алматы қалалық және облыстық экология департаментінде баспасөз хатшысы болып қызмет атқардым. Сонда байқағаным, департамент пен екі әкімдікке қарасты Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармаларының тірліктері егіз қозыдай ұқсас болып келеді. Атқарып отырған шаруалары бір – өндірістік, кәсіпкерлік, шаруашылық нысандарды тексеру. Кемшілік тауып, айыппұл салу. Екі жүзге жуық мамандар, инспекторлар, лаборатория сарапшылары бірінің соңынан бірі сабылып жүргені.
Бұдан өзге, табиғат қорғау прокуратурасы, табиғат қорғау полициясы, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, облысаралық су инспекциясы, балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы сияқты толып жатқан, қарапайым жұрт біле бермейтін мекемелер бар. Бір өкініштісі, осыншама табиғат сақшылары жүріп, өңір экологиясының табиғи қалпын сақтап қалуға шамалары жетпеді. Өзендер лайланып, ауа ластанып, қоқыс полигондары тұтанып, қоршаған ортаға қауіп төндіре бастады. Мысалы, халықаралық «Mercer Human Recource Conculting» рейтингті бағалау компаниясы әлемдегі ең лас қалалардың тізімінде Алматының тоғызыншы орында тұрғанын атап көрсетті. Әлі де сол деңгейде. Яғни, мемлекеттік мекемелердің көптігі өңірлердегі жұмыс сапасын көтеруге ешқандай септігін тигізбейтіндігінің бір дәлелі осы.
Төртінші. Демократиялық елдердегі белсенді азаматтық қоғамның үрдісіне сүйенсек, саяси жұмыстармен тек партиялар ғана айналысады. Сол себептен, мемлекеттік органдардың қызметін шектен тыс саясиландырудан (жолдауларды түсіндіру, партиялық бағдарламаларды талқылау, сайлауға әзірлік) сияқты идеологиялық жүктемелерден арылтудың уақыты келді. Негізінен, жергілікті атқарушы органдардың құзіретіне – аумақты дамыту, экономикалық және әлеуметтік жоспарларды қабылдау, жергілікті бюджетті әзірлеу және олардың орындалуы сияқты аса өзекті мәселелерді жүзеге асыру кіреді. Бұл дегеніңіз – әкім мен оның команадасы тәулік бойы айналысатын қым-қуыт шаруа бастан асып жатыр деген сөз!
Өкінішке орай, әкімнің көп уақыты өз құзырындағы нақты мәселелерді шешумен емес, таусылмайтын партиялық жиналыстардың төрінде отырумен өтеді. Бюро, конференция, депутаттық фракция отырыстары, селекторлық жиындар, қоғамдық тыңдаулар, комиссиялар мен кеңестердің, Мәжіліс депутаттарының кездесулерін ұйымдастыруды әкім тікелей қадағалап отырады, барлығының есебін тыңдайды. Өйткені, «Nur Otan» партиясының жергілікті филиалдарындағы төрағалық міндетті әкімдерге жүктеп қойған. Оны жұрттың бәрі біледі.
Иә, саясат қоғамдық өмірдің барлық саласына ықпал жасайды. Саясат – мүдделер күресі. Партияның билікке, биліктің қоғамға ықпалын арттыру, әкімдік ресурстарды өз мүддесіне пайдалану әрекеті де сол күрестен туындайды. Кезінде Тәуелсіз жас мемлекетіміздегі әрқилы әлеуметтік топтардың, ұлтаралық, діни конфессиялар мен бірлестіктер арасындағы қарым-қатынастарды реттеу мақсатында ішкі саясат, дін істері, жастар басқармалары, ақпараттық-зерттеу орталықтары, Қазақстан халқы Ассамблеясы (оның қоғамдық келісім кеңестері) құрылды. Бүгінде бұл құрылымдар өз миссиясын толық өтеді. Елдегі бірлік пен тұрақтылық орнықты. Ендігі жерде, ел бюджетінің әрбір тиыны есепке түскен сындарлы сәттерде, бұл аталған билік құрылымдарын таратып, үнемделген қаржыны пайдалы мақсатқа бағыттасақ, ұтарымыз мол болмақ. Өз кезегінде, әкімдер де саяси-идеологиялық жұмыстардан босатылады, әрі бірыңғай әлеуметтік, экономикалық-шаруашылық мәселелерімен шұғылдануға мүмкіндік алады.
Бесінші. Билік жүйесіндегі көзге көрінбес материалдық-әкімшілік ысырапшылдығы ушығып тұр. Мәселен, жаңа келген әкім бұрынғы басшыдан қалған автокөлікті пайдаланбайтыны, 50-60 мың АҚШ доллары тұратын жаңасына тапсырыс беретіні шындық. Одан орынбасарлары мен құрылым басшылары да қалыспайды. Мұны тоқтатудың бірден-бір жолы – оларды тегіс таксиге отырғызу. 2018 жылы Астана әкімдігінің қызметкерлері осындай тәжірибе жасап, таксиге ауысқаны бар. Бұрын автокөлікке айына 40 миллион теңге бөлініп келсе, аталмыш шарадан кейін бұл көрсеткіш 13,5 миллионға түскен екен. Жүргізушілер жалақысы, техниканы жөндеу шығындары жойылып, әкімдіктің қаржысы 60 пайызға үнемделіпті.
Бірақ, бұл жаңашыл әдісті басқа өңірлер «байқамаған» сыңай танытты.
Келесі бір кілтипан, басшылардың атшаптырым қызметтік кабинеті, демалыс бөлмелері «евроремонтпен» әрленіп жатқаны жасырын емес. Кез-келген әкім мен мәслихат хатшысының кабинетіне кіріп көрсеңіз, оған көз жеткізуге болады. Бекітілген ереже бойынша (оның өзі Ресейден көшіріліп алынған) жергілікті атқару органдары басшысының кабинеті 30 шаршы метрден (орынбасары 20 ш.м., қызметкерлері 7,5 ш.м.) аспауы тиіс. Кабинетте үстел, кресло, компьютер, телефон аппараты, шкафтан өзге бөгде зат тұрмауы керек. Алайда, көптеген лауазымды тұлғалардың қызметтік кабинеттерді пайдалану стандартына пысқырмайтыны анық. Алқызыл кілем, емен үстелдер, диван, креслолар, аквариум, қымбат жәдігерлерден көз тұнады. Мұндай келеңсіз «дерт» тез тарайды. Тіпті, колледж, мектеп директорлары арасында (оқу кластары есебінен) өз кабинеттерін ұлғайтып, душ кабинасын, демалыс бөлмесін жасақтаған фактілер жетерлік. Осындайды көрген кезде, кабинеттік жүйеден бас тартатын уақыт жеткенін сезінесің. Басшы да, қосшы да батыс үлгісімен салынған, үлкен шынылы цехтарда отырғанын көруді ойлайсың. Қаншама кабинет босап, ортақ істегі еңбек өнімділігі арта түсер еді. Ең бастысы, бюджеттің қыруар теңгесі үнемделері анық.
Жалпы, қолда барды үнемдей алмау біздің қазақтың қанына сіңген әдет сияқты. Әдет болмаса, күндіздің өзінде мемлекеттік мекемелерде (әкімдік, ғылым, білім ошақтары, кітапханалар, мәдениет, спорт ғимараттарында) жарқыратып, жарық жағып қоя ма? Атшаптырым конференц-залдар айлап, жылдап құлазып, бос тұра ма? Бұл залдарды ұстауға, жарық пен жылуға кетіп жатқан есіл ақшаны, құмға сіңген судай халық қаржысын іздесе қане?
Сондайда, билік құлағында отырғандарға «Тарта жесең, тай қалар, қоя жесең, қой қалар, Қоймай жесең не қалар?» деген халық даналығын айқайлап тұрып, айтқың келеді. Естір құлақ болса…
Қайым-Мұнар Табеев,
журналист-жазушы, саясаттанушы.
Abai.kz