Мемлекет тарапынан зейнеткерлерге дәрі-дәрмек, ал мұқтаж жандарға азық-түлік жеткізіледі, жұмыссыз қалғандар әлеуметтік төлем алады
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мемлекет төтенше жағдай кезінде мұқтаж азаматтарға көмектесетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
«Жұмысты, кредитті, бизнесті уайымдамаңыздар. Мемлекет ешкімді тастамайды, көмектеседі. Зейнеткерлерге дәрі апаруға, мұқтаж жандарға азық-түлік жеткізуге көмектесеміз. Жұмыстан босаған немесе ақы төленбейтін демалысқа шыққандар төлем алады», — деді Абаев брифингте.
Айтуынша, үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке 14, 7 миллиард теңге бөлген. Дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне және коронавируспен күресіп жатқан адамдарға жеке қорғаныс құралдарын сатып алу үшін 21, 4 миллиард теңге бағытталған.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдіктеріне жеке қорғаныс құралдары мен дәрі-дәрмек алу үшін 10,7 миллиард теңге бөлініп отыр.
Бұдан бөлек, министр төтенше жағдай талаптарын сақтамай отырған азаматтарға тоқталды.
«Кеше бір күннің өзінде төтенше жағдай талаптарын бұзғаны үшін 237 адам жауапқа тартылған, оның 74-і қамауға алынды. Бұл бейқамдық науқастарға ауруханада орын жетпеуіне әкелуі мүмкін. Бұған жол беруге болмайды. Сондықтан өзімізді, жақындарымызды сақтайық», — деді Абаев.
Министр қазақстандықтарды үйден шықпауға шақырды. Себебі ауруды кез келген жерде жұқтырып алу қаупі бар.
«Қазір вирусқа ең тиімді күрес – карантин режимін сақтау. Сіздерден осыны тағы да сұраймыз. Үйден шықпаңыздар. Ауру кез келген жерде жұғуы мүмкін: қонақта, лифтте, автобуста, кезекте тұрғанда. Алайда көп адам бұл ескертулерге салғырт қарайтынын көріп отырмыз», — деді ол.
Қазақстанда коронавирусқа шалдыққандар саны 204 адамға жетті. Он бес адам індеттен жазылса, бір әйел, өкінішке қарай, қайтыс болды.