Шымкентте жұқпалы аурулар госпиталінің құрылысы аяқталды

1383
Госпиталь Қаратау ауданының «Ақжайық» шағын ауданында орналасқан.
Шымкентте коронавирустық инфекцияны төмендету бойынша шараларды күшейту үшін модульдік жұқпалы аурулар госпиталінің құрылысы аяқталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Госпиталь Қаратау ауданының «Ақжайық» шағын ауданында орналасқан. Ғимарат 20 төсектік реанимация бөлімшесі бар 200 төсек-орынға арналған бір қабатты, модульдік үлгі бойынша салынды. Бас мердігер — «BI Industrial» ЖШС.Бұл госпиталь қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының филиалы болып табылады және коронавирустық инфекцияға күдікті барлық пациенттерді қабылдайтын болады.
Ғимараттың жалпы ауданы 6353 м2 құрайды. Стационарда барлығы 300-ден астам білікті медицина қызметкері медициналық көмек көрсетеді. Инфекциялық госпиталь қажетті заманауи медициналық техникамен жабдықталған: компьютерлік томограф, сандық рентген аппараты, 20 ИВЛ аппараты бар.
Инфекциялық госпиталь жобасының ерекшелігі-пациенттерге білікті медициналық көмек көрсету үшін операциялық блок пен перзентхана залының болуы. Реанимациялық залдар «open space» қағидаты бойынша ашылған, бұл медициналық персоналға пациенттердің жағдайын бақылауға жеңілдетеді. Госпитальде барлығы 160 жұқпалы төсек, 20 боксталған палата, 20 реанимациялық төсек бар. Стационарды жобалау кезінде ғимараттың ішінде эпидемиологиялық режимді сақтауға көп көңіл бөлінді.