Шымкентте өркениеттен жұрдай қалған ауыл табылды

1175
Елде жоқ тариф: жарықтың өзіне 23 мың теңге төлейміз.
Қараусыз қалған ауыл. Шымкентте өркениеттен жұрдай қалған елді мекен табылды. Атаусыз көше, асфальтсіз жол және таза ауыз суы жоқ елді мекенде жұрт электр жарығын қымбат бағамен сатып алуға мәжбүр. Тіпті, әр киловатына 36 теңгеден есептеп, айына орта есеппен 23 мың теңге ге дейін төлем төлейді екен.
Соған қарамастан, жарық жиі-жиі сөніп қалатын көрінеді. Бір таңданарлығы, тұрғындардың бұл мәселесі жергілікті билікке жақсы таныс екен. Бірақ, шешімін табар емес. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Бозарық саяжайының етегіне орналасқан «Керемет» массивіне жұрт 2014 жылы көшіп келе бастаған. Содан бері мұнда инфрақұрылым жоқтың қасы. Ауыз су, электр жарығы, көгілдір отын тапшы.
Бекмырза Оңдасынов, Шымкент қаласының тұрғыны:
«Свет жоқ, су жоқ. Газ боса да о бастан жоқ. Жас балалар бар, үйлерін отопленияны газбен жасап алған кішкентай бала шағалары бар. Балон тасып жылытады».
Осы күні жұрттың күніне жарап тұрғын жалғыз трансформатор бар. Оның өзі жекеменшік. Күндері осыған қарап тұрғындықтан, қожайынның ығынан шыға алмаймыз дейді. Ай сайын әр киловатына 36 теңгеден есептеп, әрбір үй 23 мың теңгеге дейін төлем төлейді екен. Мұндай баға, өзге түгілі елорда да жоқ.
Ұлтусын Тайшабаева, Шымкент қаласының тұрғыны:
«Ешқандай мегаполиске сәйкес емес бұл жер. Біріншіден, бұл адам тұрмайтын арал, джунглиде тұрамыз. Джунглиде де су бар бізде су жоқ».
Тұрғындар ауыз суды егістікке арналған жер асты суынан пайдаланып отырғандарын айтады. Оның өзін былтыр СЭС мамандары келіп, жауып кетпекші болғанда, жұрт жабылып жүріп әрең алып қалыпты. Содан кейін, әр отбасы 18 мың теңгеден жинап, су сорғыш қондырғысын орнатқан. Үлкен цистернаны да өз күштерімен қойған. 5 метр биіктікке жиналған су айналысындағы 5-6 үйге ғана жетеді. Қалғандары осы жерден шелектеп тасиды.
Садық Өненбаев, Шымкент қаласының тұрғыны:
«4 баламмен 2014 жылдан бері тұрамын. Қыста үйді жылытатын ештеме жоқ, амалсыз газ баллонды пайдаланамын. Судың да мәселесі мынау. Жер асты суын өзіміз қазып пайдаланамыз. Құдды бір алыс ауылда тұрғандаймыз».
Дегенмен, бұл мәселе жергілікті билікке жақсы таныс. Ақжағалылар инфрақұрылымды дамыту үшін тиісті құжаттар әзірлепті. Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасына ұсыныс жіберген. Соған сәйкес, ең алдымен ауыз су мен жарық және көгілдір отын жеткізіледі дейді.
Данияр Сұлтанов, Қаратау ауданы әкімдігінің бөліс басшысы:
Білеміз, хабарымыз бар. Тұрғындар өз есебінен тасымалдап ішіп жатыр суды. Соған сәйкес, біз ұсыныс бергенбіз әкімшілік тарапынан. Энергетика коммуналдық басқармасы соған сәйкес, сәулет-жоспарлау жобасын әзірлеген. Енді 2021-жылға, Құдай қаласа, жұмыс жасалуы керек.
Керемет массивінде орналасқан баспаналар әу баста, тұрғын үй мақсатында емес, қосалқы шаруашылыққа арналған екен. Енді тұрғындар, үй құжатын қайта рәсімдеп жатыр. Одан кейін, әкімдіктің бөлінген қаражатына сәйкес, мұнда инфрақұрылым жүргізілетін болады.