Қазақтың тойшылдығы қоғамға қандай зиян тигізіп жатыр?

1118

Қазақстан Республикасының президенті

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа!

Ашық хат

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үлкен сенімімен, қолдауымен қазақ елінің тағдырын, бүгіні мен ертеңін Сіздің қолыңызға сеніп тапсырып отыр. Бұл жалпы алғанда әрі абырой, әрі үлкен жауапкершілікті қажет ететін ауыр міндет. Сондықтан да еңбегіңіз жемісті болсын дей отырып, жаныңызға әлеумет жайын терең ұғатын, өз халқының болашағына селқос қарамайтын, әрі айналаңызға адал да азамат жандардың топтасуына тілектеспін.

Құрметті Президент!

Елді ең ауыр кезеңде басқарып отырғаныңызды түсінемін. Өкінішке орай, елде ауру асқынып, науқастар саны сағаттап өсуде. Ауруханаларда орын жоқ. Дәрігерлер де қатты қиыналып жүр. Оған қоса дәрі-дәрмек тапшылығы да байқалады. Қазақстан коронавирус жылдам таралып жатқан әлем елдерінің алдыңғы қатарына қосылды. Мұның басты себебі – ел ішінде өткізіліп жатқан той-томалақтар! Қазақстанның әр аймағында адамдар жасырын түрде әлі күнге дейін үлкен тойлар өткізіп жатыр. Мұның арты мыңдаған адамның вирус жұқтырып, өлім-жітімнің артуына себеп болып отыр.  Сондықтан да, сізден келесі шараларды қабылдауды сұраймын:

— Иесінің кім екеніне қарамай, елдегі барлық ірілі-ұсақты тойханаларды уақытша емдеу орындарына айналдыру керек. Елімізде тойханалардың көптігі сондай, ол жерлерге Қазақстанның барлық халқын сыйғызуға болатындай… Жаңа ауруханалар салып, уақыт пен қаражатты шығындағанша, тойханаларды емханаларға айналдырып, біраз ресурсты үнемдеуге болар еді;

— Мектептер мен балабақшаларды уақытша емдеу орнына айналдыруға болмайды! Залалсыздандырғанымен де, дизинфекциялық заттардың өзі химиялық қоспалар. Олар балалардың денсаулығына өте зиян. Мысалы, аллергия туғызуы мүмкін. Бұл болашағымызға балта шабумен тең;

— Қонақ үйлерді де уақытша емдеу орындарына айналдыруға болмайды! Біріншіден, елде қонақ үйлер тойханалар сияқты көп емес. Екіншіден, ол жерлерде тұрып жатқан аз да болса адамдар бар. Көпшілігі елдеріне қайта алмай қалған шетелдіктер. Үшіншіден, бұл вирус та ұзақ тұрмас, ерте ме, кеш пе кетеді. Мүмкін жарты жыл, мүмкін бір жыл. Содан соң, елімізге қайтадан туристер келе бастайды. Алда-жалда қонақ үйлердің бірі дұрыс тазаланбай қалып, қайтадан вирус тарап кетсе, «Қазақстаннан қайта вирус тарапты» деп әлем алдында масқара боламыз. Туризм қалпына келеді, ал той бизнестің болашағы жоқ;

— Ел ішінде жасырын той жасап жатырған той иелері мен тойхана иелеріне аса ірі көлемде айыппұл салып, тойға келген қонақтардың бәрін 2 апталық карантинге жатқызу, 50 адамдық банкет залдарын ғана қалдырып, қалғандарының бәрін басқа бизнес орындарына бейімдеу керек.

Жалпы, қазақтың басындағы қордаланған көптеген проблемалардың бастауы осы тойда жатыр. Той тойлау бәсекеге айналып, халық кредитке белшесінен батты. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, қазақстандықтардың несие қарызы 4,4 триллион теңгеге жеткен. Сарапшылар мұны халықтың негізінен той-томалақ жасау үшін несие алып, ысырапшылыққа салынуымен байланыстырады. Алынған несиелердің басым көпшілігі той жасау үшін алынған. Несиелердің көптігі сонша — адамдар оны төлей алмай, мемлекеттен кешіруін талап ететін жағдайға жеттік. Мемлекет адамдардың той жасауға алған кредиттеріне қайта-қайта амнистия жариялауға міндетті ме?..

Мен той тақырыбын 10 жылдан бері зерттеп келемін. Осы уақытқа дейін көрген-түйгендерімнің біразын 9 маусым күні Аbai.kz сайтына мақала етіп жазып, тойға 5 жылға мораторий жариялауды ұсынған болатынмын. (Сілтемесі: https://abai.kz/post/114188 ).

Сонымен, қазақтың тойшылдығы қоғамға қандай кесапат әкеліп жатыр?

Біріншеден, той бизнесі білім сапасына өз кесірін тигізуде. Тойханаларда даяршылық жұмысқа тұрған жастар сабақтан қалуды жиілетті. Жыл сайын колледждер мен ЖОО студенттері, тіпті жоғары сыныпта оқитын мектеп оқушылары апталап сабаққа келмейтін жағдай қалыптасып отыр. Бұл Қазақстанның барлық аймақтарында қалыпты жағдайға айналып кеткен. Ал білімнің күйреуі – ұлттың күйреуі.

Екіншіден, сол жастардың еңбектері аяусыз қаналып жатыр. Күндізгі сағат 2-де жұмысқа келгеннен, түнгі сағат 2-де бір-ақ шығады. 12 сағат бойы істегендегі табатын табыстары 1500-3000 теңгенің айналасында ғана. Ыдыс сындырып алған кездері ол да жоқ. Адамның күнделікті жұмыс нормасы – 8 сағат. Ал 12 сағат бойы жастарды аяусыз жұмысқа жегіп қоюды қалай ақтап аламыз? Студенттер бұған амалсыздықтан барады. Басқа жұмыс жоқ болғандықтан. Сол себептен де ең болмағанда сағатына 1000 теңгеден төлеуі керек!

Үшіншіден, тойханалар елдегі бағаның шарықтауының басты себепкері болып отыр. Жыл сайын үкімет бағаны тұрақтандыру үшін жұмыс жасап жатқанымен нәтиже мардымсыз. Елдегі азық-түліктің басты тұтынушылары осы тойханалар жабылса, сұраныс азайып, баға төмендер еді.

Төртіншіден, тойлардың арты төбелеске ұласып, жыл сайын республиканың әр аймағында ондаған жігіттер қыршын кетіп жатыр. Бұл әсіресе ауылда жерлерде көп болады.

Бесіншіден, аста-төк той жасаудың ақыры әлеуметтік мәселелерге ұласуда. Айталық, елімізде бүгінде 85 пайыз жастардың өз баспаналары жоқ!

Алтыншыдан, той жасау үрдісі бізді тұтынушылық мәдениетке тәрбиелеп жатыр. Тіпті, қалыңдықтың көйлегінен бастап, сол тойда тост айтатын микрофонға дейін өзіміз өндіре алмаймыз. Бәрін шетелден тасимыз. Осыдан кейін қай жерімізге жетісіп той жасаймыз…?

Айта берсек, қазақтың тойының қоғамға зияны шаш етектен. Сондықтан да мен сізден той тойлауға 5 жылға мораторий жариялауыңызды сұраймын. Бұл не береді дегенге келсек:

Біріншіден, бұл ең алдымен елдегі бойдақтардың мәселесін шешеді. Бүгінгі таңда елімізде 25 жастан асқан 4 миллионға жуық бойдақ бар. Олардың басым көпшілігінің әлеуметтік жағдайына байланысты үйлене алмай жүргені анық. Сондықтан да, тойдан бас тартсақ некеге тұратын жастардың саны артып, сәйкесінще демографиямызға да оң әсерін тигізеді.

Екіншіден, тауарлар мен қызметтердің бағасы арзандайды. Қарапайым халыққа қолжетімді болады.

Үшіншіден, ірі тойханалар басқа бизнес түріне бейімделер еді. Елде балабақша тапшы. Тойханаларды балабақшаларға, кішігірім фабрикалар мен өндіріс орындарына айналдыруға болар еді.

Төртіншіден, той бизнесі көлеңкелі экономикаға жол ашып отыр. Айталық, қарапайым еден жуушының айлық табысы 50 мың теңге. Асабалар бұл ақшаны бір тойдан түсіреді және бұл олардың ең төменгі «ставкасы». Осылайша, бір асаба бір айда бірнеше миллионға дейін табыс табады. Бірақ мемлекетке бір тиын да салық төлемейді. 50 мың теңге табатын еден жуушы салық төлейді, миллиондап табыс табатын асабалар неге салық төлемеуі керек…? Осының нәтижесінде ел бюджеті жыл сайын миллиардтаған қаржыдан қағылуда.

Осылардың бәрін ескере отырып, Парламент депутаттарынан тойды шектейтін арнайы заң қабылдауын сұраймын. Той дегенміз – ол отбасылық қуаныш. Әркімнің өз отбасында, шағын топпен атап өтілуі тиіс.

Құрметті Президент мырза!

Сіз бұған дейін де той тойлайтын заманның өтіп кеткенін, тойдың форматын өзгерту қажеттігін айтқансыз. Қазір, коронавирус пандемиясы кезінде тойды тұсаудың оңтайлы сәті келіп тұр. Бұл азаматтардың құқығын шектемейді деп санаймын. Демократияның эталонына айналған АҚШ-тың өзі кезінде 32-ші президент Франклин Делано Рузвельтті Конституцияға қайшы болса да, қатарынан төрт мерзімге сайлап алған жоқ па? Себебі, елде соған қажеттілік болды: елді дағдарыстан шығару керек, экономиканы қалпына келтіру керек, соғысты аяқтау керек т.б. Қазір бізде де дәл сондай тойды шектеуге деген қажеттілік туындап отыр.

Әлемде ешбір халық той тойлау арқылы өркениетке қол жеткізген емес. Тойшыл халықтардың бәрі әлдеқашан жер бетінен жоғалып кеткен. «Той жарыстырмайық, ой жарыстырайық» дегенді өткен ғасырда Ахмет Байтұрсынов та айтқан. Бір ғасырдан астам уақыт өтсе де Ахаңның осы сөзі әлі күнге өзектілігін жоғалтқан жоқ. Той туралы ел ішіндегі пікірлер де әртүрлі. Көпшілігі сөз жүзінде қарсы болғанымен іс жүзінде ерік-жігірі жетпейді. «Той бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген мақал да сол халықтың ішінен шыққан. Бұл мәселенің әбден ушыққаны сонша, тіпті, бұл туралы өзіңіз де бірнеше рет атап өттіңіз. Біздегі той өткізу форматын расымен де қайта қарау керек. Иә, қарап отырсақ той өткізудің қазіргі форматы моральдық тұрғыдан ескірген. Қаншама жастар той жасауға ақшалары болмағандықтан үйлене алмай жүр? Тойсыз-ақ некесін қидырып, бақытты өмір сүріп жатқан жастар қаншама?

Дамыған елдерде 15-20 адаммен-ақ, тойларды жақсылап өткізе береді. 30 адам шақырған үлкен той. Талай миллиардер-филантроптардың да өткізген тойларын көрдік. Өте қарапайым, қанша жерден бай болса да.

Қалай дегенмен де той алдымен психологиялық фактор. Бұл мәселеге қатысты жастардың да пікірін білгенмін. Көпшілігі тойға қарсы. Тойсыз-ақ, неке қиып бақытты болуға болады деп есептейді. Алайда ата-аналарынан асып кете алмайды. Осыған қарап-ақ, той үлкендер үшін психологиялық қажеттілік деп айтуға болады. Осы бір психологиялық фактордан бірте-бірте арылуымыз керек. Карантин кезінде 3 ай той тойламай отырдық емес пе? Не өзгерді?

Әлемдік пандемия адамдарды көп нәрселерге басқаша қарауға мәжбүрлеп жатыр. Мен мұны тойдан бас тартуға тамаша мүмкіндік дер едім. Біз, қазақ халқы онсыз да көптеген тарихи мүмкіндіктерді жіберіп алдық. Қазір де тойды біржола тұсайтын тамаша мүмкіндік келіп тұр.  Егер мұндай тарихи мүмкіндікті жіберіп алсақ, деградацияға ұшырап, ұлт ретінде жойылып кетуіміз мүмкін. Себебі, ерте ме, кеш пе, бұл індет те аяқталады. Күйреген экономика да біртіндеп өз қалпына келеді. Содан соң адамдар баяғы әдетіне басып, думандатып, қайтадан той жарысқа түседі. Ауру қалса да, әдет қалмайды. Сондықтан, мұның алдын алу үшін осы карантин режимін пайдаланып тойды реттейтін арнайы заң қабылдап алуымыз керек! Онда үйлену және ұзатылу тойларын 50 адаммен шектейтін, басқа тойларға тыйым салатын бап болуы керек! Оған қоса фонограммаға тыйым салып, тойлардағы музыканың дыбыс деңгейін, даяршылардың лайықталған айлықтарын, т.б. реттейтін баптар болуы керек. Асабалар мен тойда өнер көрсететін әртістердің табысының 50 пайызын салыққа алу керек. Сонда ғана нағыз сапалы өнер майталмандары іріктеліп шығады. Нағыз өнер иелері ғана халықтың құрметіне лайық. Ондайлар халықтың қалтасын тонап, лотореялар ұйымдастырып, паразиттік тірлікпен айналыспайтын болады.

Қалай дегенмен де бұл қиын таңдау, бірақ, бір шешімі болуы керек! Сондай заңды бүгін қабылдамасақ ертең кеш болады…

Құрметпен,

Оралбек Ж. Өтеғұлов,

филолог, саясаттанушы.

Ақтөбе қаласынан.

Abai.kz