Баршамызға белгілі, модульдік оқыту жүйесі дәстүрлі оқыту жүйесіне балама ретінде ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары Америка Құрама Штаттарында пайда болған. Бұл жаңа жүйеде сол кезге дейін педагогикалық теория мен тәжірибеде жинақталған барлық тың идеялар мен прогрессивтік технологиялар топтастырыла бастады. Қазіргі күні модульдік оқыту технологиясын техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы дидактикалық үдерісті жоғары деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік беретін толыққанды және жүйеленген әдіс ретінде қарастыруға болады. Бұл мәселені егемен еліміздің құзырлы органдары да айналып өткен жоқ. Мәселен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 25 сәуірдегі «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» № 243 қаулысында «Кәсіпқор» холдингі» коммерциялық емес акционерлік қоғамы әзірлеген кредиттік-модульдік білім беру бағдарламаларын тарату және техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне модульдік оқыту технологияларын кезең-кезеңімен енгізу ісіне баса назар аударылған. Жалпы, өскелең заман сұранысына сай бұл бағытқа қоғам оң көзқарас танытып отыр. Өйткені, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде оқытудың дәстүрлі нысандары ең алдымен репродуктивтік әдіске, көрнекілікті қолдану арқылы түсіндіруге негізделсе, қазіргі таңда еңбек нарығында өз жұмыс орнын таба алатын, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға мүмкіндік беретін дуальді оқыту жүйесінің, модульдік оқыту технологиясының маңызы еселеп артып отыр.
Модульдік технологияның мәні – оқу курсын өзара жалпы әдістемемен оқу мазмұнын меңгерудің жалпы қағидаттарымен байланысқан бірнеше салыстырмалы түрде дербес бөліктерге (оқу модульдеріне) бөлу. Оқу модулі салыстырмалы түрде аяқталған ақпараттар топтамасынан, бағдарламаны табысты орындау үшін берілген оқытушының нұсқауларынан және оқушы іс-әрекетінің мақсатты бағдарламасынан тұрады. Модульдік оқыту жүйесі білім мазмұны, білімді игеру, өзіндік жұмыс жүргізу, оқытудың әдіс-тәсілдері бойынша оқытудың дербестігін қамтамасыз етеді. Бұл жүйеде оқушылардың дербестігіне, өзіндік жұмыстарын жүргізуге көп көңіл бөлінген. Ал оқытушы негізінен бағыттаушы, кеңес беруші және үйлестіруші рөлінде болады. Сонымен қатар әрбір модульмен жұмыс жасау тәртібі қайталанып отыратындықтан, модульдердің мазмұны мен көлемінің әртүрлі болуына қарамастан, оқушыларда өзінің оқу іс-әрекетін саналы түрде басқару механизмін қалыптастыруға негіз салынады. Сондай-ақ бұл әдіс оқушыны ізденімпаздыққа, өз бетімен білімін жетілдіруге баулып, шығармашылық қабілетін арттырады.
Дәстүрлі оқыту мен модульдік оқытудың негізгі айырмашылықтарын мына төмендегідей кесте түрінде көрсетуге болады:
Дәстүрлі оқыту Модульдік оқыту
1. Оқытудың мақсаты нақтыланбаған, айқын
емес. 1. Оқытудың мақсаты нақты, айқын.
2. Оқытудың нәтижесі ең соңында белгілі
болады. 2. Күтілетін нәтиже алдын ала белгілі болғандықтан, білім алушылар соған жетуге әрекет жасайды.
3. Оқытушы – негізгі тұлға, сондықтан соңғы
сөз педагог құзырында қалады. 3. Оқытушы – бағыт беруші, кеңесші, үйлестіруші болып, студентке жақыннан көмек береді.
4. Студенттің қызығушылығы төмен, көп белсенділік танытпайды. 4. Студент өз пікірін білдіруге, қорғауға, дәлелдеуге белсенді болады.
5. Оқу материалын түсіндіру негізінен
репродуктивтік әдіспен жүзеге асырылады,
студенттердің ізденісі төмен. 5. Әр студент материалды өз мүмкіндігіне сәйкес меңгереді. Тапсырмаларды орындауда оған таңдау беріледі.
6. Студенттің білімі сабақта ғана тексеріледі. 6. Студенттің білімі әр модульден кейін тексеріліп отырады.
Сонымен қатар модульдік оқытудың мынадай артықшылықтарын атап көрсетуге болады:
– оқытудың міндетті түрде нәтиже беретіні;
– оқытушы мен студенттің субъект-субъектілік қарым-қатынасы;
– топпен және жеке жұмыс істеуге мүмкіншіліктің болатыны;
– нәтиженің басты бағытта болуы;
– оқу материалының мазмұнын игеруді тексерудің қолайлы жағдайда өтілуі;
– студент өзінің бар мүмкіншілігін көрсете алатыны, оның ізденетіні.
Бүгінгі өскелең заман педагог қауымынан білімді, білікті, бәсекеге қабілетті дарынды да талантты студент жастарды тәрбиелеп шығаруды талап етіп отырғаны баршаға мәлім. Осы орайда модульдік оқыту жүйесінің маңызы зор екені айтпаса да түсінікті. Мұны терең сезінген колледжіміздің ұйымшыл ұжымы жаңа жүйеде жұмыс істеуге барынша бейімделе түсуде.
Жұмаділла Жолдыбайұлы ОРАЗАЛЫ,
Шымкент политехникалық колледжі директорының өндірістік оқу ісі жөніндегі орынбасары.