АҚПАРАТТЫҚ ТҮСІНДІРУ ТОБЫ КОЛЛЕДЖДЕ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

174

Бүгін Оңтүстік Қазақстан көп салалы колледжінде жастарға арналған маңызды тағылымды кездесу өтті. Бұл шараның басты мақсаты – жас ұрпақты ұлттық бірлікті сақтау мен қоғамдық ынтымақтастықты нығайту жолында белсенді азаматтық ұстанымға шақыру, сондай-ақ әртүрлі мәдениеттер мен діни көзқарастар арасындағы құрмет пен келісімді арттыру болды. Шара жастарға қоғамдағы өзара түсіністік пен бірліктің маңыздылығын түсіндіру, оларды елдің болашағына дұрыс бағытта тәрбиелеу үшін ұйымдастырылды.

Жиын барысында Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ бөлімінің басшысы Нұржан Абдукаримов, Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сарапшылық топтың жетекшісі Қайрат Анарбаев, «Жастар ресурстық орталығы» КММ маманы Мөлдір Алайдар, сондай-ақ Қалалық дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог маманы Нұрлан Әбдіманап сөз сөйлеп, жастарға бейбітшілік пен өзара түсіністікке үндейтін ойларымен бөлісті. Бұл мамандар өз сөздерінде қазіргі заманның ең маңызды мәселелерінің бірі – жастардың дұрыс ақпаратты қабылдап, теріс идеологиядан сақтануы және қоғамдық келісімді сақтау қажеттілігіне тоқталды.

Кездесу барысында ел бірлігі мен татулықтың жас ұрпақ үшін айрықша құндылық екендігі ерекше атап өтілді. Сонымен қатар, жастарға ғаламтордағы теріс ақпараттар мен идеологиялардан алшақ болудың маңыздылығы, өздерінің дұрыс бағытты таңдап, қоғамдағы тыныштық пен келісімді сақтаудың азаматтық борыш екені түсіндірілді. Ұлтаралық татулық пен діни келісімді нығайту, этносаралық түсініспеушіліктің алдын алу және қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету туралы да мазмұнды және пайдалы ақпараттар ұсынылды.

Кездесу соңында қатысушылар өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, білікті мамандардан нақты жауаптар алды. Сонымен қатар, жастар арасында өзара пікір алмасу жүргізіліп, қоғамдық келісімді сақтау жолында әрқайсысының атқара алатын рөлі мен жауапкершілігі туралы ойлар ортаға салынды. Бұл іс-шара жастарға тек білім мен тәрбие беріп қана қоймай, олардың қоғамдағы орны мен жауапкершілігін түсіндіруге зор мүмкіндік туғызды.