Білім – әр адамның ақыл — ойы мен өмір танымын қалыптастырушы тірек және елдердің бәсекелестікке қабілетті болуын қамтамасыз ететін ең тиімді әрі ұзақ мерзімді стратегия. Мақсатты білім беру тұлға дамуын жүзеге асыратын мәселе. Ал жаңа бағдарламаға сай жаңа білім беру — жеке тұлғаның жан-жақты дамуына әкелетін бірден-бір жол.
Осыған дейін біз дәстүрлі оқыту үрдісін іске асырып келгенбіз. Мұндай білімнің аясы тар, көбіне жаттанды есте сақтауға алып келеді. Ары қарай терең ойлану үрдісі іске асырылмайды. Білім мазмұнын жаңғырту үрдісі мұғалімдердің көзқарасын түбегейлі өзгертумен қатар жүргізіледі. Жаңартылған білім – болашақтың кепілі.
Осы жаңартылған бағдарлама бойынша курстан өтіп көкейімде жүрген бағдарлама жайлы біршама сұрақтарға жауап алатынымды білгенде қатты қуандым. Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектептің базасында үш апталық курсты аудандық білім бөліміне қарасты Ө.Жамалов, А.Оразбаева, Жамбыл, Қ.Өмірәлиев, А.С.Макаренко, П.Акбаров, Ы.Алтынсарин, М.Өтемісұлы, Д.Қонаев, А.Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектептің және «Қосағаш», «Алтынтөбе», «Қаржан», «Талдыбұлақ» мектептерінен 28 мұғалім жиналғанымызды білдік. Арманымыз бен мақсатымыз бір біздер курста жетекшілік ететін тренерімізді үлкен үмітпен қарсы алдық.
Ұстаздарға «Өрлеу» БАҰО АҚФ Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша ПҚБАИ «Мектепке дейінгі тәрбие және бастауыш білім беру» кафедрасының аға оқытушысы және тренері Мереке Қалымбет Исламбекқызы жетекшілік жасады. Келген күннен-ақ мұғалімдер өзінің шеберлігімен баурап алған Мереке Исламбекқызынан үйренеріміз өте көп екен. Курс барысында жалпы білім беру мазмұнының өзгешелігімен, ерекшелігімен таныстық. Осы лекция барысында қазақ тілін жаңа мазмұнда оқыту бойынша дәріс-тренингтер тыңдадық, критериалды бағалау моделін, жаңартылған білім беру бағдарламасындағы сабақты жоспарлауды, ықшамсабақ жаттығуын жоспарлауды, бағамдауға арналған жаттығулар: белсенді оқу; пән бойынша педагогикалық білімжаңартылған білім беру бағдарламасының құрылымын, мақсат-міндеттерін түсініп, осыған сәйкес педагогикалық тәсілдерді, білім беру бағдарламасындағы оқу мақсаттарына жетуде критериалды бағалау жүйесін қолдануды үйрендік. Тек танысып қоймай, тәжірибе барысында іске асырдық, түрлі тапсырмалар мен жаттығулар әзірледік. Мереке Исламбекқызы әрбір сабақты тиімді әдіс-тәсілдерден бастап, тапсырма барысында түрлі саралау жұмыстарын жүргізіп отырды. Оның тапсырмаларды орындау барысында айтқан әрбір кері байланыстарын көкейге түйіп, мұғалімдердің сабақ беру үрдісінде негізге алатын 3 құжатпен – оқу бағдарламасы, оқу жоспары және қалыптастырушы бағалауға арналған тапсырмалар жинағымен танысып, жұмыс жасадық. Күнделікті сабақ «Карусель», «Бұрыштар», «Сөзді тап» секілді тәсілдер арқылы кері байланыспен аяқталады. «Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады», – деп Жүсіп Баласағұни айтқандай, жаттықтырушымыз бізге өте әділ, мейірімді, білімді, басшының үлгісін көрсетті. Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, өз мамандығын шексіз сүйетін, бала үшін ұстаз ғұмырын құдіретті деп санайтын білімді мұғалімдер ғана жұмыс істей алатынына көз жеткізгендей болдық.
Бибінұр ТҰРСЫНБЕКОВА,
М.Өтемісұлы атындағы жалпы орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі, курс тыңдаушысы.