Ж.ТҮЙМЕБАЕВ: «ТҮРКІСТАН — ТЕК ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕМЕС, ӘЛЕМНІҢ ЖАУҺАРЫ»

1348
Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев халық алдында 2018 жылы атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді. Жиынға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, жергілікті тұрғындар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Қала басшысының сөзінше, Түркістанның 2018 жылғы жалпы өңiрлiк өнiмi 74 млрд 803 млн теңгенi құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 4,7 пайызға артты. Бұны жан басына шаққанда 452 мың теңгені құрап, 12 пайызға көбейген.
«Жалпы Түркістанды «Қазақстанның рухани орталығы ретінде қалыптастыру мақсатында Бас жоспарға сәйкес қала құрылысы мен сәулеті үш бағытта жүргізілетін болады. Бірінші 88,7 гектар жерге орналасқан Қ.А.Ясауи кесенесінің маңындағы «Тарихи аймақтағы» 18 нысанды қайта жаңғырту жоспарланған. Екіншісі «Рухани-мәдени орталық» аймағында 98 гектар жерге «Ұлы дала елі» кешенін, «Қожа Ахмет Ясауи мұражайы», «Амфитеатр», «Шығыс моншасын», «Су бұрқақ», «Қабылдау Орталығы» мен «Түркі халықтарының ғылыми кітапханасын» салынады. Үшінші 700 гектарды құрайтын әкімшілік-іскерлік орталығының аймағында облыстық әкімдіктің, басқармалар мен департаменттер ғимараттарының және тұрғын үй кешендерінің құрылысы басталып, Медиа орталығы мен Оқушылар сарайының, спорт, мәдени кешендерінің, «Конгресс Холл» мен әлеуметтік нысандардың іргетасы қаланды. Осылайша жәдігер қаламыз өзінің тарихи құндылығын сақтай отырып, заманауи үлгіде қайта жаңғыртылатын болады», — деді қала әкімі.
Облыс орталығында атқарылған жобалар мен жоспарға қаныққан аймақ басшысы халықты Түркістанның мәртебесін көтеру бағытында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
 «2018 жыл облыс тұрғындарының есінде Түркістан облысының құрылуымен есте қалғаны мәлім. Ер Түріктің бесігі саналатын құтты мекен — Түркістан облысының құрылуы Рухани жаңғырудағы басты, құнды шешімдердің бірі. Алдағы уақытта, Елбасының тапсырмасына сәйкес Түркістан қаласын жалпы Түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту бағытында көптеген жұмыстар атқарылатын болады. Бұл жұмыстар өз кезегінде Түркістан облысының түлеп, дамуына өз үлесін қосатынына сенімдімін. Қазіргі таңда өңірдегі тарихи жерлерді терең зерттеу үшін тиісті жоспар жасалды. Оның ішінде бірінші кезекте тұрған жердің бірі, осы сіздер тұрып жатқан Түркістан қаласы. Бұл шаруалар халықаралық ұйымдармен ұйымдаса атқарылатын болады. Себебі, Түркістан – Қазақстанның ғана емес, адамзат тарихында орны бар мекен», — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Жиын барысында жергілікті халық көкейдегі түрлі түйіткілдерін ортаға салып, мәселеге қатысты тиісті жауаптарын алды. Қала тұрғындары көтерген мәселенің басым бөлігі коммуналдық қызмет пен қоғамдық көлік және қоғамдық орындар мен базарлардағы тазалыққа байланысты болды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі