ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ЕКІ АУЫСЫММЕН ЖҮРУДЕ

1071
Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан қаласындағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан шаруалармен танысты. Аймақ басшысы алдымен, салынып жатқан Әкімшілік-іскерлік орталығында болды. Бүгінде ондағы 48,4 гектар аумаққа бірінші кезекте салуынуы тиіс 13 нысанды іске асыру үшін жер телімдері толығымен босатылған. Қазіргі таңда онда облыстық әкімдік пен басқармалардың және департаменттердің ғимараттарының құрылысы жүруде.
Құрылыс жұмыстарымен танысқан облыс басшысы жұмысты қарқындатуды тапсырды.
«Әкімшілік іскерлік орталықтағы барлық ғимараттардың құрылысын қарқындату керек. Екі ауысыммен 12 сағаттық жүйемен жұмыс істеу қажет. Межеленген жоспар бойынша уақытылы аяқтауды тапсырамын» деді Жансейіт Қансейітұлы.
Сондай-ақ, облыс басшысы бастаған топ  7000 орынға шақталған стадионның құрылыс жұмысымен танысты. «Самұрық Қазына» Ұлттық компаниясының тапсырысымен салынып жатқан нысанның жалпы аумағы 26075 шаршы метр.
Одан бөлек, 26 көпқабатты тұрғын үй мен 88 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары да қарқынды түрде жүргізілуде. Түркістан қаласының рухани-мәдени аймағында «ҰӘҚ Самұрық қазына» АҚ тапсырысымен Қожа Ахмет Ясауи мұражай нысаны бой көтеруде. Аумағы 3200 шаршы метрді құрайды. «Самұрық-Қазына» компаниясының тапсырысымен салынуды. Сонымен қатар, Ұлы Дала елі орталығының құрылысы да қатар жүргізілуде.
Құрылыс нысандарын аралап шыққан облыс әкімі жұмысты ширатуды тапсырды. Ауа райының қолайлығын тиімді пайдаланып, екі ауысымда жұмыс істеп, жоспардан қалмау керектігін жүктеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі