Шымкенттегi Мирас шағынауданында маңызды кездесу өтті, деп хабарлайды ardak.kz ақпараттық агенттігі. Оған жергілікті ақсақалдар мен белсенді тұрғындар қатысты. Аталған кездесудің мақсаты – жергілікті тұрғындарға, жастар өкілдеріне қоғамдық келісімді сақтау, этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын нығайту, құқықтық тәрбие мен жастар арасында әскери міндеттілікті өтеу мәселелерін түсіндіру болды.
Кездесуде қалалық «Қоғамдық келісім» мекемесі мен Қаратау ауданы әкімдігінің қызметкерлері және қалалық ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдардың өкілдері тұрғындармен аталған аумақта қалыптасқан этносаралық ахуал, қоғамдық келісімді сақтау мен құқықтық тәрбие жайы жан-жақты сөз қылып, талқылады. Өйткені, бүгінгі қоғамдағы түбегейлі өзгерістер халқымыздың ауызбірлігін, белсенділігін, әр азаматтың жеке басының жауапкершілігін талап етеді. Қоғамдағы келісім мен бейбіт өмір, саяси тұрақтылық үшін аянбай еңбек ету өте маңызды. Жыл басынан берi «Мирас» шағынауданына ақпараттық-түсіндіру тобы бірнеше рет келiп, қоғамдық келісім саласына қатысты тұрғындардың ұсыныс-пiкiрлерiн тыңдау бағытында мақсатты кездесулер өткiздi. Алдағы уақытта да бұл кездесулер жалғасып, көтерілген мәселелер маңызын жоймайды.
Айта кетейік, жақында Исфиджаб тұрғын алабындағы жергілікті азаматтармен кездесу өтті. Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесі мен Қаратау ауданы әкімдігінің жауапты қызметкерлері ұйытқы болған жиынға қалалық ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдардың өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты. Күн тәртібінде қоғамдық келісімді сақтау, құқықтық тәрбие мен жастар арасында әскери міндеттілікті өтеу сынды мәселелер сөз болды. Еркін форматта өткен жүздесуде жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатқа қатысты жұртшылықтың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, өзекті мәселелер бойынша жедел сауалнама жүргізілді.