Қазақстанда мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімі бірнеше есе қысқарды

895

Қазақстанда мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімі бірнеше есе қысқарды, енді конкурс жариялаудан бастап жұмыстың басталуына дейін 10 күн кетеді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстанда 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа жеңілдетілген ережелер бойынша мемлекеттік сатып алу туралы алғашқы шарттар жасалды.

«Жеңімпаздар негізінен жергілікті компаниялар болады, бұл аймақтардың бизнесі мен экономикасына қолдау болып саналады. Мемлекет басшысы 2024 жылғы 1 шілдеде рәсімдерді оңайлатуға және бюрократиядан арылтуға бағытталған «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заңға қол қойды. Заң шеңберінде мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімдерін барынша қысқартуды қамтитын жаңа ережелер қабылданды», — деп жазылған хабарламада.

Қандай өзгерістер болмақ?

  • Конкурс тәсілімен өткізілетін сатып алу бойынша тиісті құжаттаманы талқылау 5 күннен 2 жұмыс күніне дейін, өтінімдерді қабылдау 15 күннен 5 жұмыс күніне дейін, өтінімдерді қарау және қорытындылау 10 күннен 3 жұмыс күніне дейін қысқарған.
  • Конкурстар мен аукциондар бойынша жеңімпаз ең көп дегенде 10 жұмыс күні ішінде анықталады.
  • Рейтингтік-балдық жүйені қолдана отырып өткізілетін конкурс (сатып алудың автоматтандырылған тәсілін, жеңімпазды веб-портал айқындайды) арқылы сатып алу жеңімпаздары жиналған балдар негізінде 5 жұмыс күні ішінде (бұрын мерзімі 29 жұмыс күні еді) айқындалады. Олар жұмыс тәжірибесі, тұрақты салық аударымдары болуы, кешіктірулер болмауы және басқалары үшін беріледі.
  • Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу мерзімі 5 күннен 2 күнге дейін қысқарды.
  • Жергілікті жеткізушілер үшін шартты жеңілдіктер 1%-дан 2%-ға дейін ұлғайтылды.