«Ауру кірді – әлек кірді» деген нақылды қазіргі біздің елдегі ғана емес, әлемдегі жағдайға қатысты айтуға болады.
Қарап отырсаңыз, ақылға салып, ғаламдық індеттің алдын алғандар да, жоспарлы, жүйелі іс қамдағандар да жетерлік. Сонымен бірге даурыққандар да, дүрмекке қосылып шапқандар да, дүбірді көргендер де, оған ергендер де көп. Айтқан әңгімелері, болжамдары одан да қырғын. Терең білімді мамандарды, вирустанушы, зерттеуші дәрігерлерді есептемесек, көпшілігі (оның ішінде блогер де, балгер де, саяхатшы да, саясатшы да, кездейсоқ көріпкел, шешен, ділмар т.б. бар) елге ақыл-кеңес айтудан жаппай жарыс өткізіп жатқандай әсер қалдырады. Оның дұрысы мен бұрысын таразылап жатқан біліктінің қарасы аз секілді.
Әрине, ел тиісті ақпаратқа зәру болып отырғанда, жалаң ақылдан гөрі індеттің себебі мен алдын алу жолын, жөнін анық айтса, сөз шығыны да азайып, қайран уақыт та зая кетпес еді. Қаражат та рәсуә болмас еді-ау деп ойға қаласыз. Бүгінгі басты мәселе – сондай әсіре пысықайларды орнына қою, яғни білген мен білмегеннің парқын ажырататын көзқарас қалыптастыру болса керек. Жартыкеш кеңесті, шала-пұла пікірді қарша бората беру жалпы халыққа еш пайда келтірмейді. Әлі де болса түрлі ақпарат арналарына жоғары білікті мамандардың ғана шығып, сөйлеуіне жол ашсақ, денсаулық мінберіне білімі мен тәжірибесі, моральдық құқығы бар адамдар ғана көтерілсе дейміз. Расы, халық осыны қалап, аңсап отыр. Береке-пәтуаға жұмылсақ, көп іс оңғарылады. Оның үстіне ұлт тарихындағы небір сынақ пен талқыда жұртшылықтың ұйымшылдыққа, бірлікке, жауапкершілікке ұйыған кезеңін, сәттерін бүгінгі ұрпақ есіне салу – баршамыздың борышымыз. Елге қашанда орнықты байлам, түсінікті пәтуа ауадай қажет. Оны да айта алатын адамы айтуы керек. Қаншама ұлт пен ұлыс жер бетінен жойылып кеткенде, қазақ халқы ақылы мен намысын алға салып, жамандықты амандыққа жеңгізген.
Бұдан да қиын, күрделі кезеңді бастан өткеріп, ұлан байтақ жерді де, елді де шашауын шығармай ұрпағына аманаттаған. Өткеннің өнегелі ізі, сын сағатта санада қатталған сөзі – бұған дәлел. Ежелден қалыптасқан елдік қағидалар мен өмірлік ұстанымдарды ұмытпалық.
Мәселен, ғасырлар бойы ақылды байытып, рухқа дем берген халық даналығына жүгінсек, кезінде береке-бірлікпен сүзек, оба, шешек т.с. сияқты індеттерден құтылған қазақ Сынықтан өзгенің бәрі жұғады» деп ескерткен. Сондай-ақ «Қотыр қолдан жұғады, таз тақиядан жұғады» деп қадап айтқан.
Осындай тағылымды, дәлдікке келсек, халықтың дәстүрлі кеңесін неге пайдаланбасқа? Үрей шақырмай-ақ «Ауру – өлімнің алғашқы елшісі» деп, науқасқа ащы «диагноз» қойған. Әрине, сақтық үшін. Дертке бой алдырған кісіге күш беріп, серпілту мақсатында «Демі бардың емі бар» екенін жеткізген. Бұл қиналған жан иесіне дем салғандай емес пе? Ал «Аурудың зардабын ауру баққан біледі» деген мақалмен әрі жауапкершілікті, әрі ағайын-туыстың парызын пайымдаған. Сондай-ақ, қоғамдық ортаның ортақ проблемасын шешу де – сол асыл қазынамызда. «Көнені керек етпесең, жаңа табылмайды, Байлауды керек етпесең, жара жазылмайды». Бұл – үйдің төріне де, аурухананың төріне де жазып қоюға лайық сөз. Демек, ертеден үзілмей келе жатқан дәстүрді ұмытпай, жаңа технология мен инновацияны халық даналығына сай ұтымды пайдалансақ, бұл талғам-түсінік, пайым-парасат ғаламдық індетті еңсеруге де жәрдемін тигізбек.
Ата-баба сөзі мен өсиетінің қасиетін ұмытпасақ, денсаулықтың да, дәрігердің де, дәрінің де қадірін, берекесін қашырмаймыз. Қайта ұлт даналығы мен ем-домдағы дәстүр сабақтастығын сақтап, Қазақ елінің баянды болашағына шын жанашыр, жанкүйер боламыз.
Дереккөз:turkystan.kz