Өзбекстан Путиннің «газ одағына» кіруден бас тартты

1169

Ресей президенті Владимир Путиннің Орталық Азия республикаларына ұсынған «газ үштік одағы» ұйымына ешкім қызығушылық таныта қоймады. Қазақстан санкцияларды ескеріп, Кремльдің жаңа жобасынан бас тартқан, енді Өзбекстан да бас тартып отыр.

«Өзбекстан көрші елдерден газ және электр энергиясын сатып алу туралы келіссөздер жүргізуде, бірақ «қандай да бір одақ не ұйым арқылы емес», — деді Өзбекстан энергетика министрі Жорабек Мырзамахмудов.

Мырзамахмудовтың сөзінше, Өзбекстан газ тапшылығын көріп отырса да, «ұлттық мүддесіне, экономикасы мен тәуелсіздігіне» қауіп төндіргісі келмейді. Өзбекстан газдың жетіспеушілігінен бірқатар өңірлерде электр қуатын қолдан өшіріп, Ташкент пен Ферғана алқабында газ құю станцияларының жұмысын тоқтатқан.

«Біз газ алу үшін өзге елдің саяси шарттарын ешқашан қабылдамаймыз», — деп атап өтті өзбек министрі. Ол Өзбекстанның Ресей және басқа елдерден газды қолайлы бағаға және келісімшарт негізінде сатып алатынын айтады.

«Ресейден газ жеткізу туралы келісім жасалған күнде де, ол одақ құру дегенді білдірмейді. Өзбекстанның Ресеймен ортақ шекарасы жоқ. Сондықтан газды көрші Қазақстан арқылы жеткізу туралы келіссөздер жүргізілетін болады. Осындай техникалық келісімшарт болады», — деді Мырзамахмудов.

«Үштік газ одағын» құру идеясын Путин қараша айының соңында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге ресми сапары кезінде айтқан. Оның ойынша, Ресей газы Орталық Азия арқылы Қытай нарығына шықпақ.

«Ресей, Қазақстан, Өзбекстанда Кеңес заманынан бері біртұтас газ тасымалдау жүйесі қалыптасқан. Өзара ынтымақтастықты кеңейту үшін бізде үлкен мүмкіндіктер бар», — деген еді Ресейлік вице-премьер Александр Новак.

Президент Тоқаев елге оралғаннан кейін екі күн өткенде Қазақстан бұл идеяны қабылдамайтынын мәлімдеді.

«Оны талқылауға әлі ерте, өйткені бұл әлі идея ғана. Бірақ Қазақстан өз аумағын санкцияларды айналып өту үшін пайдалануға жол бермейді. Сонымен қатар, біз өзіміз халықаралық мәселелерді шешу әдісі ретінде санкцияларды қолдамаймыз», — СІМ басшысының орынбасары деді Роман Василенко.

Айжан Темірхан

Abai.kz