Кеншілерді қойдай қырған «ArcelorMittal». Шодиев жетектеп келген олигарх Митталмен Тоқаев НЕГЕ басқаша сөйлесуі мүмкін?

890

NEGE дереккөзінің мәліметінше, Үкімет қабырғасында «Арселор Миттал Теміртау» акционерлік қоғамының жұмысын тоқтатып, национализация процессін бастау идеясы талқылануда. Ол бойынша Әділет министрлігі өзінің сараптамасын беруі тиіс. Себебі, Митталдың бізбен халықаралық арбитражда соттасатыны айдан анық.

Одан бөлек, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ бас директоры, үнді азаматы Биджу НАИРДЫҢ үстінен қылмыстық іс қозғау мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

ҚР Қылмыстық Кодексінің 254-бабы бойынша, коммерциялық немесе өзге де ұйымда басқару функцияларын орындайтын адамның өз қызметiне адал қарамауы немесе ұқыпсыз қарауы салдарынан өз мiндеттерiн орындамауы немесе тиісінше орындамауы, егер бұл адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса, белгiлi бiр лаузымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

«Арселор Миттал Теміртау» АҚ бас директоры Биджу Наир. Фото: kapital.kz

Биджу Наир «Арселор Миттал Теміртауды» басқарып отырған 2020 жылдан бері 14 адам өлді. Жыл сайын тұрақты түрде 4-5 адам апатты жағдайдың салдарынан қайтыс болады. Және ол тікелей компания басшысының кінәсі.

2006 жылы Ленин атындағы шахтада жарылыс болып, 41 шахтер қайтыс болады. Сол кезде мемлекеттік комиссия «Арселор Миттал Теміртау» директоры Наренда ЧАУДХАРИДІ кінәлі деп табады. Куәгерлердің айтуынша, үш түн бойы Қарағанды аэропортында Чаудхариды Үндістанға қашырып жіберу үшін арнайы жалданған ұшақ дайын тұрған.

Бірақ, миллиардер Лакшми Миттал тікелей Нұрсұлтан Назарбаевқа хабарласып, мемлекеттік комиссия актісінен Чаудхари және басқа да үнді азаматтарының есімдерін алдыртып тастады. Миттал отандасы Чаудхариді датасы ауыстырылған бұйрықпен жұмыстан шығарып жіберіп, Үндістанға қайтарып алған.

Есесіне СҮЛЕЙМЕНОВ, ТОНКИХ, БОРГУЛЬ, КЕНЗЕБАЕВ есімді Қазақстан азаматтарын, яғни цех пен учаске басшыларын соттатып жібереді.

Лакшми МИТТАЛДЫҢ жаһандық «ArcelorMittal» алпауыты 2021 жылдың қортындысы бойынша 8 миллиард доллар немесе 3,44 триллион теңге таза пайда көрді. Оның ішінде, қазақстандық кәсіпорыны 214 миллиард теңге кіріс әкелді. Соған қарамастан, Теміртаудағы кәсіпорынның әбден тозығы жеткен, жаңа құрылғылар алынбайды. Қауіпсіздік шараларын күшейтуге инвестиция салынбай келеді.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ 2021 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: Deloitte

Бірақ Лакшми Миттал 15 жыл бойы уәдені үйіп-төгіп келеді. Жалпы, бізге келгенде, уәде беру – Митталдың сүйікті әдісі. Және әкімдіктермен, министрліктермен түкке тұрмайтын меморандумдар жасап, соған қол қоюға әуес. Сол арқылы ол уақытты өзінің пайдасына созады. Себебі, біздегі созылған әр жыл Митталға 500 миллион доллар, демек әр ай – 41 миллион доллар таза кіріс әкеліп отыр.

Миллиардер, «ArcelorMittal» трансұлттық корпорациясының қожайыны Лакшми Миттал. Фото: inbusiness.kz

Митталды байытамыз деп қанша қазақ өлуі тиіс? Әңгіме осында. Тәуелсіз шетелдік компаниялар 3 миллиард долларға бағалаған Қарағанды металлургия комбинатын Митталдың 200 миллион долларға, оның өзінде «рассрочкаға» сатып алуы үлкен сұрақ туғызады.

«Elge qaitaru» қорының мәліметінше, Миттал тіпті өз ақшасын салмаған да. Ол комбинатты басқаруға алып, Үкіметке 1996 жылы мамыр айында 22,5 миллион доллар, қараша айында 112,5 миллион доллар, 1997 жылы мамырда 22,5 миллион доллар және 1999 жылы 67,5 миллион доллар қылып жырымдап төлеген. Тіпті 1997 жылдан бастап Миттал қарызды Қарағанды металлургия комбинатының металлын сатып, содан түскен ақшаға төлеп отырған.

«Elge qaitaru» қорының тағы бір мәліметінше, Лакшми Миттал Назарбаевқа Патох ШОДИЕВ арқылы шыққан. Және осы бір арадағы қызық байланыстарға 100 миллион доллар шығындаған. Есесіне, «Қаңтар оқиғасына» дейін Лакшми Миттал толық Назарбаевтың қорғауында болып келді. Оған ғана емес, ол тағайындаған үнді азаматтарына жергілікті атқарушы органдар ештеңе дей алмайтын.

Жаңа Қазақстан Митталмен қалай сөйлеседі? Сол қызық. Бүгінгі күнге дейін Миттал келгелі бері оның шахталарында ең кем дегенде 100-ге жуық отандасымыз өлген.

Шахтердің басы – Митталдың добы. Қарағанды металлургия комбинатын сатып алғаннан кейін ол миллионерден миллиардерге айналды. Бірақ оның құны үшін шахтерлер өз өмірлерін қиып жатыр…