Тура 31 жыл бұрын КСРО келместің кемесіне отырып кетті. Посткеңестік елдер өз тарихын іздей бастады. Олар жер-су аттарын өз тілдерінде атап, орыс тіліндегі атаулардан бас тартуға көшті. Әрине, бұл Мәскеуге ұнамайды. Олар посткеңестік елдердің өз саясатын ұстануды сатқындық, Ресейден алшақтау, орыс әлеміне шабуыл мен орыстарды қудалау деп есептейді.
КСРО құлаған соң, Орталық Азия елдері жер-су атауларын бірден өз тілдеріне ауыстыра бастады. Әсіресе қала көшелері мен қала ішіндегі аудандарды, ықшам аудандардың атауларын өзгертті. Тек Қырғызстан ғана Бішкектегі аудан атауларына тимеді.
Посткеңестік елдер коммунизмді еске салатын атаулардан құтылуды жөн санайды. Ең алдымен бұл Ленинге, қазан төңкерісіне қатысты атаулар. Алайда Бішкекте әлі күнге дейін 4 аудан атауы өзгерген жоқ. КСРО кезеңіндегі атпен қалды. Олар Октябрьский, Первомайский, Свердловский, Ленинский деп аталады. Тура бір КСРО кезеңі іспеттес.
Қырғыз депутаттары жақында бұл атаулардан бас тартып, қырғызша атау беруді ұсынды. Халық қолдады, жұрт құптады. Алайда Мәскеу бұл ұсынысқа наразы, ал ресейлік шенеуніктер шулап-тулап жатыр. Олар «Украинадағы әсіре ұлтшылдық процестер дәл осылай басталған еді» деп, қырғыз билігін қорқытып-үркітуге тырысуда. Ресейдің өзі коммунистік кезең атауларынан бас тартып жатыр, дегенмен ондай атаулар өзге елдерде сақталуы керек деп санайды.
Аудан атауларын өзгерту туралы ұсынысты спикер Нұрлан Шакиев ұсынған еді. Ол қазіргі аудан атаулары ескірген дейді. Сонымен қатар ол Қырғызстанда өзге тілдегі ауыл, аудан, елді-мекен атаулары көп екендігін де айтып, барлығын да қырғыз тілінде атауды ұсынды. «Бұл мемлекеттік тілді дамыту үшін де қажет» дейді ол.
Бұл ұсынысқа ресейлік шенеуніктер үдере түрегелді. МемДуманың халықаралық істері бойынша комитетінің төраға орынбасары Дмитрий Новиков «дәл осындай болмашы, мақсатсыз ұсыныстардан кейде өте қауіпті процесстер басталады, оларды басталмай жатып тоқтатқан дұрыс» дейді. Ресейдің тағы бір шенді-шекпендісі, депутат Светлана Журова «кеңестік атаулардан бас тартудың соңы орыс тілін ығыстырумен аяқталады» деп атап, бұл бастаманы тоқтатуға шақырды. «Келесі кезең орыс мектептерін жабады, сөйтіп Грузиядағыдай болады. Артынша жастар өкінішке орай орыс тілінде мүлде сөйлемейтін болады. Украинадағы оқиғалар осылай басталған еді ғой», — дейді Журова.
Ал Бішкек «бұл біздің ішкі саясатымыз, араласпаңдар» деген сыңай танытуда.
Ка Мырза
Abai.kz